«Nur Otan» партиясы облыстық саяси кеңесі бюросының отырысы өтті

Ақмола облысының әкiмi, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен облыстық Саяси кеңес Бюросының отырысы өттi. Отырыста партия жұмысын жаңғырту, студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеттi қалыптастыру және оқушыларды мектепке тасымалдауды ұйымдастыру мәселелерi талқыланды.

Облыстық бiлiм басқармасының мәлiметiнше, 2019-2020 оқу жылына облыстағы 111 елдi мекенде жалпы бiлiм беретiн мектептер жоқ. Мектебi жоқ ауылдарда 1561 оқушы бар, олар үшiн жақын орналасқан мектептерге тасымалдау ұйымдастырылған. Тасымалды ұйымдастыруға 90 автобус көлiгi тартылған, олардың 74-i мектеп көлiктерi, үшеуi жеке қызмет көрсетушiлердiң, ал 13-i ауыл әкiмдiктерiнiң автобустары. Оқу жылының басында барлық автобустар техникалық тексерiстен өткен.

Көлiкпен тасымалдау облыстың барлық аудандары мен қалаларында ұйымдастырылған. Әсiресе бұл мәселе көшi-қон процесi жиi жүретiн Целиноград, Аршалы, Бурабай, Зерендi аудандарында күн тәртiбiнде тұр. Целиноград және Аршалы аудандарында тасымалданатын оқушылардың көпшiлiгi Қосша, «Нұрлы» ТК, Жiбек Жолы елдi мекендерiнде тұратындықтан, Нұр –Сұлтан қаласындағы мектептерге қатынап оқиды.

Сонымен қатар бүгiнгi күнi ескiрген көлiктердi ауыстыру мәселесi өзектi. Биылғы жылы 170 көлiктiң iшiнде 50 автокөлiк ауыстыруды қажет етуде. Соңғы 3 жылда 46 көлiк ауыстырылған. 2019 жылы аудан, облыс қалалары 9 автобус жергiлiктi бюджет және демеушiлiк қаражат есебiнен сатып алынған.

Өңiр басшысы шағын мектептердiң құрылымын ескере отырып, мәселе қайта қаралатындығын айтты. «Бiлiм сапасын арттыру үшiн шағын мектептердi қайта құрылымдау бойынша жұмысты жалғастырып, оқушыларды мектепке тасымалдау сапасын жақсарту, мектеп-интернаттардың дамуына назар аударуымыз қажет», — дедi Ермек Маржықпаев.

Сондай-ақ, жиын барысында студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитеттi қалыптастыру, партияның 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайында облыстың жоғары оқу орындарының басшылары есеп бердi.

Саяси кеңес бюросының отырысын қорытындылай келе, партияның Ақмола облыстық филиалының төрағасы, облыс әкiмi Ермек Маржықпаев партия мүшелерiне бiрқатар маңызды мiндеттер жүктедi. Барлық мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.

Құрылған күні: 22.01.2020
Қаралым саны: 4524
Қонақтарға арналған ақпарат

Қаз Рус