Көкшетауда Қылшақты өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірі ашылды

Бүгiн Көкшетауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi күнi мерекесiнiң қарсаңында қаланың орталық көшелерiн жеңiлдетуге мүмкiндiк беретiн жаңа автомобиль көпiрiнiң ашылу салтанаты өткiзiлдi. Жаңа көпiрдiң құны 443 млн теңге құрады, ұзындығы — 65 метр, енi — 21 метр.

«Соңғы 50-60 жылдан берi бiз бiрiншi рет осындай тамаша көпiр ашып отырмыз. Бұл бiздiң қаламыз үшiн үлкен тарихи оқиға. Көкшетау бұдан әрi де дами бередi, жоспарланған облыс үшiн мейлiнше маңызды жобалар әлi де көп», — дедi өңiр басшысы Ермек Маржықпаев өзiнiң құттықтау сөзiнде.

Көкшетау қаласының құрметтi азаматы Болат Жанәдiлов осы көлiк өткелiнiң маңыздылығына тоқталды. «Көпiр Кеңес Одағының Батыры Мәлiк Ғабдуллиннiң атымен аталатын көшеде тұр, ол Абылай хан даңғылы мен Шоқан Уәлиханов көшесiн, ұлы хан мен оның немересiн бiр-бiрiмен байланыстырады. Елiмiздiң тарихында жарқын iздерiн қалдырған тарихи тұлғалар», — дедi ақсақал.

Облыс бойынша ағымдағы жылы жергiлiктi жолдар желiсiн дамытуды қаржыландыру 1,6 есе өстi. 400 километрден астам облысiшiлiк және аудандық жолдар жөнделдi. Облыс орталығында екi қиылыс реконструкцияланды, бiрқатар жолдарға күрделi жөндеу жасалды, Қопа көлi жағалауының құрылысы басталды.

Құрылған күні: 29.11.2019
Қаралым саны: 180
Қонақтарға арналған ақпарат

Қаз Рус