Ақмола облысының прокуроры тағайындалды

Бас прокурордың бұйрығымен Ақмола облысының прокуроры лауазымына аға әдiлет кеңесшiсi Айдос Майлыбаев тағайындалды. ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев жаңа тағайындалған ведомство басшысын әрiптестерiне таныстырып, оған жаңа қызмет орнында жетiстiктер тiледi.

«Аудан прокурорының көмекшiсiнен бастап Бас прокуратура департаментiнiң басшысына дейiнгi барлық деңгейлерден өттi. Дербес лауазымдарда да iстедi, Жамбыл ауданының, Алматы облысы Қордай, Панфилов аудандарының прокуроры болып iстедi. 6 жыл Жамбыл облысы прокурорының орынбасары болып iстедi. Прокурорлық қадағалаудың барлық салаларын басқарды — тергеу, соттық қадағалау, бас бостандығынан айыру орындары бойынша. Сондай-ақ әлеуметтiк-экономикалық ортада — қоғамдық мүдделердi қорғау бойынша — бұрын жалпы қадағау деп аталған. Тәжiрибесi мол, Бас прокурор Ақмола облысының прокуратурасын басқаруды кездейсоқ сенiп тапсырып отырған жоқ деп ойлаймын», — дедi ҚР Бас прокурорының орынбасары.

Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев та Майлыбаевты жауапты лауазымға тағайындалуымен құттықтады.

«Берекелi Ақмола жерiне осы маңызды миссиямен келуiңiзбен құттықтаймын. Қазiр қарқынды даму, күрделi шешiмдер қабылау кезеңi. Құқық қорғау органдарын үйлестiрудегi прокуратураның рөлi артып келедi. Сiзге жаңа жауапты қызметте жетiстiктер тiлеймiз», — дедi облыс әкiмi.

Құрылған күні: 28.02.2020
Қаралым саны: 1683
Қонақтарға арналған ақпарат

Қаз Рус