Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудасына қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы ереже

Ақмола облысы әкiмдiгiнiң
2019 жылғы 4 сәуiрдегi
№А-4/145 қаулысымен
бекiтiлдi

Ақмола облысы әкiмдiгiнiң жанындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге
және саудасына қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi комиссия туралы
ереже

1.Жалпы ережелер

1. Ақмола облысы әкiмдiгiнiң жанындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және саудасына қарсы күрес мәселелерi жөнiндегi комиссия (бұдан әрi — Комиссия) Ақмола облысы әкiмдiгiнiң жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

Комиссия адам саудасына қарсы iс-қимыл және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелерi жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзiрлеу үшiн құрылады.

2. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiнiң актiлерiн, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

2.Комиссияның негiзгi мiндеттерi

3. Комиссияның негiзгi мiндеттерi:

1) адамдарды заңсыз әкету, әкелу және сату және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету саласындағы қазiргi ахуалды талдау;

2) төмендегi мәселелер бойынша:

адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету;

адам саудасының жағдайы және осы құбылыстың қауiптiлiгi туралы, көрсетiлген салада қалыптасқан құқық қорғау шаралары мен көмекке жүгiну мүмкiндiгi туралы халықты хабардар ету;

адам саудасының алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ адам саудасының құрбандарын қорғау мен оларға көмек көрсету саласында қабылданған халықаралық-құқықтық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын жетiлдiру;

адам саудасына ықпал ететiн себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға және оларға көмек көрсетуге бағытталған жұмыстың тиiмдiлiгiн арттыру жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдарды әзiрлеу.

3.Комиссияның құқықтары

4.Комиссия өзiне жүктелген мiндеттердi iске асыру мақсатында заңнамада белгiленген тәртiппен:

1) мемлекеттiк органдар мен ұйымдардан өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi материалдар мен ақпаратты сұратуға;

2) адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелерi және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелерiмен айналысатын мемлекеттiк органдар мен ұйымдардың өздерi жүргiзген жұмысы туралы есептерiн тыңдауға және олардың қызметiн жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге.

3) тәуелсiз сарапшыларды, мамандарды және ғалымдарды тартуға;

4) адам саудасына қарсы iс-қимыл саласындағы мемлекеттiк органдармен, қоғамдық бiрлестiктермен және ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара iс-қимыл жасауға;

5) заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелерi бойынша тиiстi бағдарламалар мен жоспарларды әзiрлеу жөнiнде ұсыныстар әзiрлеуге құқылы.

4. Комиссия жұмысын ұйымдастыру

5. Комиссияға басшылық етудi оның төрағасы болып табылатын облыс әкiмiнiң орынбасары.

Ақмола облысы полиция департаментiнiң бiрiншi орынбасары Комиссия төрағасының орынбасары болып табылады.

Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.

6. Комиссияның жеке құрамын облыс мәслихатымен бекiтедi. Комиссия мүшелерi отырыстарда алмастыру құқығынсыз қатысады. Комиссия отырыстарына шақырылған тұлғалар қатыса алады.

7. Комиссияның шешiмдерi ұсынымдық сипатта болады.

8. Ақмола облысының полиция департаментi Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

Комиссияның жұмыс органы комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етудi жүзеге асырады, оның iшiнде комиссия отырысының күн тәртiбi бойынша ұсыныстарды, қажеттi құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар комиссия отырысы өткiзiлгенге дейiн үш жұмыс күнi қалғанда хаттама жобасымен қоса комиссия мүшелерiне жiберiлуi тиiс.

9. Комиссия отырыстары қажеттiлiгiне қарай, бiрақ жарты жылда кемiнде бiр рет өткiзiледi және егер оған Комиссия мүшелерiнiң жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысса, заңды болып саналады.

10. Комиссияның отырысы өткiзiлгеннен кейiн Комиссияның хатшысы хаттама ресiмдейдi, оған төраға мен хатшы қолын қойып мемлекеттiк органдарға және басқа да мүдделi ұйымдарға таратылады.

5. Комиссияның қызметiн тоқтату

11. Комиссия облыс әкiмдiгi қаулысының негiзiнде өзiнiң қызметiн тоқтатады.

04.04.2019 ж. қаулы (PDF 1350 Kb)

Құрылған күні: 21.06.2019 12:37
Жаңартылған күні: 21.06.2019 13:04
Қаралым саны: 830
Қонақтарға арналған ақпарат

Қаз Рус