Аппараттық кеңесте ағымдағы мәселелер талқыланды

Бүгiн аппараттық кеңесте Ақмола облысының әкiмi Ермек Маржықпаев Көкшетау қаласының әкiмi Амангелдi Смаиловқа жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасымен бiрлесе отырып облыс орталығында тұсауы кесiлген 31 жаңа автобусты маршруттық желiге шығару үрдiсiн тездетудi тапсырды.

Өңiр басшысы қоғамдық көлiк маршруттарын түзету және электрондық билет беру жүйесiн енгiзу қажеттiгiн атап көрсеттi. «Қала өсiп, дамып келедi, ал автобус маршруттары өзгермейдi. Соңғы рет қоғамдық көлiк маршруты 2014 жылы бекiтiлдi. Қала әкiмдiгi салалық басқармалармен бiрлесе отырып маршруттық желiнi қайта қарастыру және жедел түрде қоғамдық көлiкте жол жүру ақысын төлеудi автоматтандыру мәселесiн шешуi қажет», — дедi Ермек Маржықпаев.

Естерiңiзге сала кетейiк, мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк шеңберiнде тасымалдаушы — «Көкшетау автобус паркi» ЖШС-нiң жеке қаржылық бастамасымен отандық өндiрушiден қаланың климаттық жағдайына бейiмделген, жылыту, бейнебақылау, жолаушылардың санын, жол жүру ақысын есептеу жүйелерiмен және мүмкiндiгi шектеулi жандарға арналған арнайы жабдықпен (аппарель) жарақталған жайлы автобустар сатып алынған.

Сонымен қатар, кеңесте «Ауыл — Ел бесiгi» бағдарламасы шеңберiнде жол көлiк инфрақұрылымын жақсарту, индустриалдық жобаларды жүзеге асыру, азаматтарды жұмыспен қамту және әлеуметтiк қорғау бойынша өңiрде жүргiзiлiп жатқан жұмыстар, суға түсу маусымын ұйымдастыру және басқа да ағымдағы мәселелер талқыланды.

Құрылған күні: 09.07.2019
Қаралым саны: 3718
Қонақтарға арналған ақпарат

Қаз Рус