Тілдерді дамыту бойынша

Ақмола облысында Қазақстан Республикасында тiлдердi дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын iске асыру жөнiндегi 2017-2019 жылдарға арналған iс-шаралар жоспарының орындалуы туралы ақпарат

Мемлекеттiк бағдарламаның 3-кезеңiне, яғни 2017-2019 жылдарға арналған облыстық iс-шаралар жоспары облыс әкiмдiгiнiң 10.03.2017 №А-3/78 қаулысымен бекiтiлдi. Аталмыш жоспарда белгiленген 4 негiзгi бағыт бойынша 2017 жылы және 2018 жылдың I жарты жылдығы бойынша төмендегiдей iстер атқарылды:

I бағыт. Мемлекеттiк тiлдi меңгеру.

Нысаналы индикатор:

Облыстағы мемлекеттiк тiлдi меңгерген ересек тұрғындардың үлесi (2017 жылы — 70%, 2018 жылы — 74%, 2019 жылы — 78%)

Ақмола облысының аумақтарын дамыту бағдарламасына сәйкес, 2017 жылы 71% құрады.

Бiлiм саласы. Мектепке дейiнгi мекемелер. Бүгiнде облыста 603 мектепке дейiнгi мекеме бар (230 балабақша, 373 шағын орталық). Оларда жалпы саны 37075 бүлдiршiн оқиды, оның 22219-ы (59,8%) қазақ тiлiнде тәрбиеленедi.

Орта мектептер. Биыл облыс бойынша 565 орта мектеп бар, оның iшiнде қазақ мектептерi — 159, аралас мектептер — 219, орыс мектептерi — 187. Оқушылардың жалпы саны — 117830, оның 56451-i, яғни 48%-ы қазақ сыныптарында оқиды. Соңғы үш жылда қазақ сыныптарында оқитын балалар санының динамикасы келесiдей: 2015 жылы — 47%, 2016 жылы — 47,6%, 2017 жылы — 48%;

Колледждер. Қазiр облыста 38 колледж бар (қазақ тiлдi — 1, аралас тiлдi — 27, орыс тiлдi — 10). Оларда оқитын 21351 студенттiң 6250-i, яғни 29,3%-ы қазақ тiлiнде бiлiм алуда.

Тiлдердi оқыту орталықтары. Қазiр облыс бойынша 20 орталық жұмыс iстейдi (17 аудандық, 2 қалалық және облыстық орталық). Олардың барлығында мемлекеттiк тiл үйретiледi, 18-де қазақ тiлiмен қатар ағылшын тiлi үйретiледi. (Аршалы, Атбасар аудандарында ғана ағылшын тiлi оқытылмайды)

2016-2017 оқу жылына мемлекеттiк және ағылшын тiлдерiн 4888 тыңдаушы оқыды. Мемлекеттiк тiлдi 4346 тыңдаушы оқыды. Сертификат алғандар саны 1686 тыңдаушы, оның iшiнде 709 — мемлекеттiк қызметшi, 977 — азаматтық қызметкер;

2017 — 2018 оқу жылында мемлекеттiк және ағылшын тiлдерiн оқитындар саны — 5320 тыңдаушы. Мемлекеттiк тiлдi 4761 тыңдаушы оқуда.

II бағыт. Мемлекеттiк тiлдi көпшiлiктiң қолдануына қол жеткiзу және оның пайдаланылу аясын кеңейту.

Нысаналы индикатор:

мемлекеттiк бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақ тiлiндегi контенттiң үлесiн (2017 жылға қарай — 70%, 2018 қарай — 75%, 2019 жылға қарай — 80%);

БАҚ мониторингi. Облыстағы газеттерде 35 айдар мемлекеттiк тiлдi насихаттауға бағытталған. Облыстық телеарнада берiлетiн барлық хабарлардың 60%-ы мемлекеттiк тiлде берiледi. 2017 жылы тiл саясатына қатысты 853 мақала жарияланды. Оның 583-i қазақ тiлiнде, 266-ы орыс тiлiнде, 4-еуi аралас тiлде.

2018 жылдың 5 айы бойынша тiл саясатына қатысты 323 мақала жарияланды. Оның 219-i қазақ тiлiнде, 104-i орыс тiлiнде.

2017 жылы жеткен жетiстiктiң бiрi облыстық телеарнада хабар тарату уақыты 7 сағаттан 17 сағатқа дейiн ұлғайып, соның нәтижесiнде ашылған 30 шақты жаңа бағдарламаның қатарында мемлекеттiк тiлдi насихаттауға бағытталған «Жәдiгерлер жаңғырығы», «Көкше қаламгерлерi», «Тiршiлiк», «Жұлдыз-ай», «Бойтұмар» атты бағдарламалар көрерменге жол тартты.

Iс-шаралар. 2017 жылы «Мемлекеттiк тiл және БАҚ», «Ой-сана», «Тiл мерейi», «Тiл шеберi», «Тiл парасат», «Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiк қызметте», «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерiнiң байқауы», «Туған жердiң атауы сыр шертедi» байқаулары, ақындар мүшәйрасы және Қазақстан халқы тiлдерiнiң күнiне арналған салтанатты жиын өткiзiлдi.

Сондай-ақ, 2017 жылы мемлекеттiк тiлдi насихаттау, мемлекеттiк тiлдiң қолданылу аясын кеңейту мақсатында өңiрдегi ақын-жазушылардың тiл туралы айтқан қанатты сөздерi жазылған жалпы саны 16 билборд орнатылды. 2018 жылдың I тоқсанында облыс бойынша 14 билборд орнатылды (7 билборд облыс орталығында, 7 билборд аудандарда).

Оқыту мәселесi бойынша 2017 жылы Бұланды, Атбасар және Есiл аудандарында көшпелi семинарлар өткiзiлдi.

2018 жылдың 5 айы бойынша «Рухани жаңғырған ел болудың өзегi — мемлекеттiк тiл» атты облыстық мәжiлiсi, «Ақмола облысындағы мемлекеттiк тiл саясатының даму барысы» атты зиялы қауым өкiлдерiмен кездесу, «Көкшетауминводы» кәсiпорынында «Қазақ тiлiн жаңғыртудың жолы — латын әлiпбиiне көшу» атты кiтаптар мен архивтiк құжаттардың көрмесi, «Аудармашы тұлғасы және аудармашылық құзыреттiлiктi қалыптастыру» атты аудармашылардың бiлiктiлiгiн арттыру семинары, Мемлекеттiк тiлдi дамыту қорымен бiрлесiп «Латын әрпiне көшу — қазақ тiлiн дамыту мен жаңғырту жолы» атты семинарлар, Зерендi аудандық мәдениет және тiлдердi дамыту бөлiмiмен бiрлесiп «Мемлекеттiк тiл — ұлт мәртебесi» атты аудандық мәжiлiс, Ахмет Байтұрсынов атындағы оқытушылар арасындағы облыстық байқау, Ақмола облыстық сотының конференц-залында сот саласында қызмет атқаратын қызметкерлер үшiн «Латын графикасындағы мемлекеттiк тiл» атты онлайн режимiндегi семинар, «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерi» атты облыстық байқауы, Мемлекеттiк тiл саясатын одан әрi жетiлдiру жөнiндегi жұмыс тобының алғашқы отырысы, Славян жазбалары және мәдениетi күнiне орай «Инновационные методы преподавания русского языка» атты дөңгелек үстел, «Мемлекеттiк тiл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық конкурсы т.б. мақсатты iс-шаралар ұйымдастырылды.

Облыстағы ауылдық округтерде тiл саясатына қатысты дөңгелек үстелдер, танымдық-әдеби кештер, идеологиялық тұрғыдан ескiрген елдi мекендер мен көшелердi атау және қайта атау туралы жиындар, ауыл тұрғындары арасында латын әлiпбиiне көшудi және көрнекi ақпараттың дұрыс жазылуы бойынша түсiндiру жұмыстары, «Рухани жаңғырған ел болудың өзегi — мемлекеттiк тiл» атты облыстық мәжiлiстiң үндеуiн тұрғындарға тарату жұмыстары т.б. iс-шаралар тиiстi деңгейде өткiзiлуде. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн арттыру бойынша ұйымдастырылған аудандық, облыстық байқаулар мен жарыстарға белсендi атсалысады. Атбасар ауданының ауылдық округтерiнде ересек тұрғындарға мемлекеттiк тiлдi меңгерту мақсатында кешкi мектептер құрылған. Аталмыш кешкi мектептердегi сабақтарды ауыл мұғалiмдерi өткiзедi. Атабасар аудандық тiлдердi оқыту орталығы ауыл әкiмдерiмен бiрлесiп тиiстi әдiстемелiк-құралдармен қамтамасыз етедi және аталмыш курстардың өтуiн қадағалайды.

III бағыт. Қазақстандықтардың тiлдiк мәдениетiн көтеру.

Нысаналы индикаторлар:

Тұрғындардың ономастикалық комиссиялардың жұмысындағы шешiм қабылдау процесiн талқылау кезiнде қоғамдық қолжетiмдiлiк пен ашықтық қағидаттарының сақталуына қанағаттанушылық дәрежесi (2017 жылы — 83%, 2018 жылы — 85%, 2019 жылы — 87%)

Көрнекi ақпараттың пайдаланылуын бақылаудың өңiрлердi қамту дәрежесi(2017 жылы — 60%, 2018 жылы — 75%, 2019 жылы — 90%)

Ономастика және көрнекi ақпарат құралдары. Өткен 2017 жылы облыстық ономастика комиссиясының жұмысы оң нәтиже берiп, ақмолалықтардың көптен күткен тiлегi орындалып, Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысымен Ақмола облыстық филармониясына Үкiлi Ыбырайдың, Ұлттық спорт түрлерiнен облыстық балалар мен жасөспiрiмдер спорт мектебiне Балуан Шолақтың, Көкшетау қаласының №18 орта мектебiне-Сәкен Жүнiсовтiң, №3 Ақкөл орта мектебiне-Жайық Бектұровтың, Еңбекшiлдер ауданы Сәуле орта мектебiне-Шәрәпи Әлжановтың, Қорғалжын ауданындағы Дружба орта мектебiне-Ақтан Төлеубаевтың, Ерейментау ауданындағы Малтабар орта мектебiне-Перуаш Кәрiмовтiң есiмдерi берiлдi.

Ақмола облысы үшiн ерекше қуанышты жағдай былтыр Ел Тәуелсiздiгi қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшiлдер ауданы Бiржан сал ауданы болып қайта аталды.

Ақмола облысындағы ономастикалық жұмыстар Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң берген тапсырмасына сәйкес жүргiзiлуде, яғни идеологиялық тұрғыдан ескiрген, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атаулары және ұлттық танымға жақын дәстүрлi атаулармен өзгертiп, кiсi есiмдерiмен атау мәселесiне мейлiнше шектеу қойылуда.

Ақмола облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негiзiнде 237 атау қайта аталса, 110 жаңа көшеге атау берiлдi. Атап айтқанда, идеологиялық тұрғыдан ескiрген және мағынасыз атаулар қазiргi заман талабына сай, қазақтың тұрмысына, салт-дәстүрiне, өнерi мен мәдениетiне сәйкес атаулармен және елдi мекендердiң тарихи атауларымен өзгертiлуде. Мысалы, Қорғалжын ауданының Коммунар ауылдық округi Майшұқыр ауылдық округiне, Ақкөл ауданының Минское, Виноградовка ауылдары Сазды бұлақ, Кемеркөл сияқты тарихи атауларға ауыстырылса, Октябрьская, Комсомольская сияқты көшелер Тәуелсiздiк, Желтоқсан тәрiздi атаулармен өзгертiлдi.

2018 жылғы 12 наурызда Көкшетау қаласының 27 көшесi мен 1 шағын ауданын қайта атау туралы Республикалық ономастика комиссиясының оң қорытындысы берiлдi.

2018 жылғы 18 сәуiрде облыстық ономастика комиссиясында облыс аумағындағы 200-ге жуық елдi мекен мен көшелердi қайта атау туралы мәселе қарастырылды.

Жоғарыда айтылған игi iстерге мұрындық болып, идеологиялық тұрғыдан ескiрген, қайталанатын көше атауларын ұлттық танымға жақын дәстүрлi атаулармен өзгерткен Ақкөл, Аршалы, Атбасар, Бурабай, Есiл, Сандықтау, Целиноград аудандары ауылдық округ әкiмдерiн атап өтуге болады. Ендi елдi мекендердiң атауын өзгерту мәселесi жоспарда бар.

Ал Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң берген тапсырмасына мән бермей, бiр де бiр көше, не елдi мекеннiң атауын өзгертпей отырған ауылдық округтер де бар. Атап айтсақ, Астрахан ауданы бойынша Зеленое, Первомайка, Камышенка ауылдарында, Бұланды ауданы бойынша Буденовка, Добровольное, Боярка, Вознесенка, Воробьевка, Ярославка ауылдарында, Жарқайың ауданы бойынша Львов, Гастелло, Костычев, Донское, Зерноградское ауылдарында, Егiндiкөл ауданы бойынша Бауман, Спиридоновка ауылдарында бiрде бiр қазақ тiлiнде аталатын көше жоқ. Бұл аталған елдi мекендердiң атаулары да идеологиялық тұрғыдан ескiрген, яғни бүгiнгi заман талабына сәйкес келмейдi. Жоғарыдағы аулдық округ әкiмдерiне ономастика саласы бойынша жұмысты жандандыру қажет.

Ақмола облысының тiлдердi дамыту басқармасы Ақмола облысы аумағындағы «Қазақстан Республикасының Тiл туралы» Заңының талаптарын бұзған және мемлекеттiк тiлде сауатсыз жазылған сыртқы көрнекi ақпараттар мен жарнамаларды түзету жұмыстарын үнемi қадағалап отырады. Дегенмен, Көкшетау, Степногорск қалалары мен 17 аудандағы Тiл заңнамаларын бұзған жарнамалардың саны азаймай тұр. Осыған орай, облыс аумағындағы елдi мекендердегi тек орыс тiлiнде жазылған немесе қазақ тiлiнде сауатсыз жазылған сыртқы жарнамаларды түзету жұмыстарын жүргiзуге ықпал жасау қажет. Әсiресе, Көкшетау қаласы мен Бурабай, Зерендi, Сандықтау, Целиноград аудандарындағы сыртқы көрнекi ақпараттары мен жарнамаларында қателер көп.

Ақмола облысының тiлдердi дамыту басқармасы 2018 жылдың басында Facebook, Instagram және WhatsApp әлеуметтiк желiлерiнде «Жарнамаға жайбарақат қарама!» атты акция жариялады. Акция мақсаты — «Қазақстан Республикасының Тiл туралы» Заңының талаптарын бұзған және мемлекеттiк тiлде сауатсыз жазылған жарнамалар мен көрнекi ақпараттарды түзету жұмыстарын жүргiзу.

Аталмыш акция аясында 2018 жылдың 1-тоқсанында WhatsApp мессенджерiне көрнекi ақпараттардағы емлелiк қателер мен заңға қайшы бұзушылықтар туралы 14 өтiнiш келiп түстi. Нәтижесiнде, 8 сыртқы жарнама алынып тасталды, 4 жарнама түзетiлдi, қалған 2 жарнама түзетiлуде. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Iс жүргiзу. Мемлекеттiк органдардан қазақ тiлiнде шығатын iсқағаздардың үлесi:

2017 жылы 98,5 % құрады;

2018 жылдың 6 ай бойынша 98,8 % құрады.

Соның iшiнде, төмен көрсеткiштердi көрсеткен аудандар мен қалаларға келетiн болсақ, Аршалы ауданы (99,0 %), Астрахан ауданы (99,2 %), Бiржан сал ауданы (91,4 %), Ерейментау ауданы (98,6 %), Жарқайың ауданы (99,9 %), Зерендi ауданы (99,9 %), Қорғалжын ауданы (97,8 %), Целиноград ауданы (99,0 %), Шортанды ауданы (99,9 %) және Степногорск қаласы (99,9 %);

Мемлекеттiк құжатайналымы бойынша төмен пайызды көрсеткен ауылдық округтер келесiдей:

1) Бiржан сал ауданындағы Ақсу ауылдық округi 47,3% (ақпан), 42,8% (наурыз), Аңғал батыр ауылдық округi 68,9% (ақпан), 71,4% (наурыз), Заозерный ауылдық округi 15,6% (ақпан), 32,6% (наурыз), Заурал ауылдық округi 54,3% (ақпан), 22,2% (наурыз), Еңбекшiлдер ауылдық округi 33,3% (ақпан), 30,7% (наурыз), Макинка ауылдық округi 86,3% (ақпан), 86,3% (наурыз), Уәлихан ауылдық округi 55,8% (ақпан), 31,8% (наурыз), Үлгi ауылдық округi 52,8% (ақпан), 52,6% (наурыз), Баймырза ауылдық округi 35,7% (наурыз), Краснофлот ауылдық округi 20,0% (наурыз), Кеңашы ауылдық округi 77,2% (наурыз);

2) Аршалы ауданындағы Константинов ауылдық округi 82,8% (ақпан), 76,4% (наурыз), Бұлақсай ауылдық округi 93,7% (ақпан), 95,8% (наурыз);

3) Астрахан ауданындағы Новочеркасск ауылдық округi 87,5% (қаңтар), 87,5% (ақпан), 87,5% (наурыз);

5) Ерейментау ауданындағы Еркiншiлiк ауылдық округi 97,3% (қаңтар), 97,3% (ақпан), 95,9% (наурыз), Күншалған ауылдық округi 97,4% (қаңтар), 95,9% (ақпан), Бестоғай ауылдық округi 97,7% (ақпан), 97,7% (наурыз), Тайбай ауылдық округi 97,9% (қаңтар), Торғай ауылдық округi 98,3% (қаңтар), Новомарковка ауылдық округi 97,2% (қаңтар);

6) Целиноград ауданындағы Қараөткел ауылдық округi 88,7% (қаңтар), 71,0% (ақпан), 94,6% (наурыз), Қосшы ауылдық округi 77,7% (қаңтар), 77,2% (ақпан), 85,1% (наурыз), Максимовка ауылдық округi 92,3% (ақпан), 92,8% (наурыз).

Әрине 90 пайыздан асқан көрсеткiштердi төмен деп айтуға болмайды. Дегенмен, тiлдердi дамыту басқармасының жоспары бойынша биыл шығыс құжаттардың үлесi 98,8 пайыздық меженi бағындыруы тиiс.

Ал, көрсеткiштерi жақсы ауылдық округтер келетiн болсақ, олар:

1) Ақкөл ауданындағы Қарасай ауылдық округi 100%;

2) Атбасар ауданындағы Тельман ауылдық округi 100%;

3) Бурабай ауданындағы Зеленобор ауылдық округi 100%;

4) Бұланды ауданындағы Журавлевка ауылдық округi 100%;

5) Егiндiкөл ауданындағы Спиридоновка ауылдық округi 100%;

6) Есiл ауданындағы Красногорский ауылдық округi 100%;

7) Жақсы ауданындағы Подгорное ауылдық округi 100%;

8) Сандықтау ауданындағы Широков ауылдық округi 100%.

Басқармалар: табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы (94,8 %), жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасы (98,4 %), құрылыс басқармасы (97,8 %), кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасы (96,6 %), архивтер мен құжаттамалар басқармасы (98,0 %), денсаулық сақтау басқармасы (97,5 %), жердiң пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы (91,0 %), еңбек инспекциясы жөнiндегi басқармасы (92,9 %);

Аумақтық департаменттер мен ведомстволар: қоғамдық денсаулық сақтау департаментi (99,4 %), орман шаруашылығы және жануарлар дүниесi аумақтық инспекциясы (93,6 %), Ақмола облыстық соты (95,3 %), табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау департаментi (54,7 %), мемлекеттiк кiрiстер департаментi (91,7 %), iшкi iстер департаментi (96,7 %), қазынашылық департаментi (96,2 %), техникалық реттеу және метрология департаментi (98,4 %), iшкi мемлекеттiк аудит департаментi (64,8 %), әлеуметтiк төлемдердi ведомствоаралық есептеу орталығы (96,1 %), фармация департаментi (84,7 %), қорғаныс iстерi жөнiндегi департаментi (98,3 %), Атбасар бөлiмшелiк көлiктегi тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасы (99,1 %), Солтүстiк Қазақстан геология және жер қойнауын пайдалану өңiраралық департаментi (97,6 %), көлiктiк бақылау инспекциясы (91,4 %), бiлiм саласындағы бақылау департаментi (61,5 %), су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөнiндегi Есiл бассейндiк инспекциясы (84,4 %), экология департаментi (88,2 %).

Тексерiс мәселесi. 2017 жылы Көкшетау қаласының 2 мемлекеттiк мекемесiнде, Степногорск қаласының 8 мемлекеттiк мекемесiнде, Есiл ауданының 8 мемлекеттiк мекемесiнде ҚР «Тiл туралы» Заңы тексерiлдi. Тексерiс қорытындысы бойынша заң талаптарын бұзған 8 лауазымды тұлға тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылды.

IV бағыт. Қазақстандағы лингвистикалық капиталды дамыту.

Нысаналы индикаторлар:

Облыстағы орыс тiлiн меңгерген ересек тұрғындардың үлесi (2017 жылы — 82,9%, 2018 жылы — 83,6%, 2020 жылы — 84,3%)

Облыстағы үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесi (2017 жылы — 4,5%, 2018 жылы — 5%, 2019 жылы — 5,5%)

Облыстағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесi (2017 жылы — 7%, 2018 жылы — 8%, 2019 жылы — 9%)

этно-мәдени бiрлестiктер жанындағы қазақ және ана тiлдерiн оқытатын курстармен қамтылған этностардың үлесi (2017 жылы — 25%, 2018 жылы — 26%, 2019 жылы — 27%)

Ақмола облысының аумақтарын дамыту бағдарламасына сәйкес облыстағы үш тiлдi (мемлекеттiк, орыс және ағылшын) меңгерген тұрғындардың үлесi 2017 жылы 4,5% құрады, ал облыстағы ағылшын тiлiн меңгерген тұрғындардың үлесi 2017 жылы 7,1% құрады.

Этнос тiлдерiн оқыту. Облысымызда 53 этно-мәдени бiрлестiк бар, әрбiр ұлт өкiлiнiң өз туған тiлiн оқуы үшiн барлық жағдай жасалған. «Шаңырақ» тiлдердi оқыту мектебiнде 7 тiл, яғни қазақ, орыс, поляк, немiс, кәрiс, татар, армян, чуваш тiлдерiнен мектеп оқушыларына дәрiс берiледi. Әрбiр топқа ана тiлi, қазақ тiлi және елтану пәндерiнен сабақ берiледi. 2017-2018 оқу жылында 7 топта 200 оқушы өз тiлдерiнен бiлiм алуда. Сондай-ақ, Бурабай ауданында немiс тiлi, Сандықтау ауданында немiс және шешен тiлдерi үйретiлсе, Степногорск қаласы, Қорғалжын және Жарқайың аудандарында этнос өкiлдерiне қазақ тiлiнен дәрiс берiледi.

Құрылған күні: 19.10.2015 12:59
Жаңартылған күні: 09.07.2018 09:53
Қаралым саны: 3263

Қаз Рус Eng