Өтініш

Өтiнiштi беру тәсiлi
Жазбаша, электронды өтiнiштерге қойылатын талаптар
Қарау мерзiмi
Қарау нәтижесi бойынша қабылданған шешiмдерге шағымдану
Өтiнiштi қарау кезiндегi жеке және заңды тұлғалардың құқықтары

Құрметтi азаматтар!

Өтiнiштер, мемлекеттiк билiк органдарының жеке және заңды тұлғалармен өзара әрекет етуiнiң маңызды құралдарының бiрi болып табылады. Өтiнiштi жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандығы мен заңды мүдделерiн қорғаудың маңызды институттарының бiрi ретiнде қарастыру қажет. Азаматтардың өтiнiштерi орын алған уақиғалар мен үдерiстер туралы өзiнiң пiкiрiн айту, жетiлдiру бойынша ұсыныс енгiзу және қарапайым тұрғыдан алғанда өзiнiң өзге де құқықтары мен мүдделерiн iске асыру мүмкiндiгi, «керi байланыс» болып табылады.

Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қараудың әкiмшiлiк рәсiмдерi, нақтылы регламенттелген және бiр жүйеге келтiрiлген.

Азаматтардың Ақмола облысы әкiмiнiң аппаратына тiкелей және өзi немесе өзiнiң өкiлi арқылы өтiнiш бiлдiруге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiш жолдауға құқығы келесi жолдармен жүзеге асырылады:

1. Абай көшесi, 83, 105-кабинет мекенжайы бойынша облыс әкiмi аппаратының кеңсесiне жазбаша өтiнiш беру

2. «Қазпошта» АҚ пошта байланысы арқылы жазбаша өтiнiш беру

3. «Азаматтарға арналған үкiмет» мемлекеттiк корпорациясымен жүзеге асырылатын аудио және бейне ақпаратпен алмасу, бейне форматында бейне өтiнiш беру мүмкiндiгiмен нақтылы уақыт режимiнде қашықтықтағы бiрнеше абоненттердiң интерактивтi өзара әрекет етуi үшiн ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану жолымен бейнеконференц байланыс арқылы өтiнiш беру

4. www.egov.kz  порталы арқылы электронды өтiнiш жолдау

5. Ақмола облысының ресми интернет-ресурсы арқылы «Әкiмге сұрақ» тарауында өтiнiш бiлдiру

6. Жеке қабылдауға 8 (7162) 29-72-43 телефоны арқылы жазылу

«Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қарау тәртiбi туралы»
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 12 қаңтардағы N 221 Заңы

Қарауға жатпайтын өтiнiштер (5-бап)

1. Мыналар қарауға жатпайды:

1) мұндай өтiнiште дайындалып жатқан немесе жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы не мемлекеттiк немесе қоғамдық қауiпсiздiкке төнетiн қауiп туралы мәлiметтер бар және мемлекеттiк органдардың құзыреттерiне сәйкес оларға дереу жiберiлуге тиiс жағдайларды қоспағанда, иесi бүркемеленген өтiнiш;

2) мәселенiң мәнi баяндалмаған өтiнiш.

2. Егер өтiнiштi қараусыз қалдыруға негiз болған жағдайлар кейiннен жойылса, субъект немесе лауазымды тұлға аталған өтiнiштi қайта қарауға мiндеттi.

Жазбаша өтiнiшке, бейнеөтiнiшке және бейнеконференцбайланысқа қойылатын талаптар (6-бап)

1. Өтiнiш құзыретiне өтiнiште қойылған мәселелердi шешу кiретiн субъектiге немесе лауазымды тұлғаға жiберiлуге тиiс.

2. Жеке тұлғаның өтiнiшiнде — оның тегi, аты, сондай-ақ қалауы бойынша әкесiнiң аты, жеке сәйкестендiру нөмiрi, пошталық мекенжайы, заңды тұлғаның өтiнiшiнде оның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендiру нөмiрi көрсетiледi. Өтiнiшке жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкiлi қол қоюға тиiс.

Шағым жасалған кезде iс-әрекетiне шағым жасалып отырған субъектiнiң атауы немесе лауазымды тұлғалардың лауазымы, тегi және аты-жөнi, өтiнiш жасау себептерi мен талаптары көрсетiледi.

3. Субъектiге тiкелей жазбаша не бейнеөтiнiш арқылы өтiнiш жасаған арыз берушiге тiркелген күнi мен уақыты, өтiнiштi қабылдаған адамның тегi мен аты-жөнi көрсетiлген талон берiледi.

4. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдар басшыларына және олардың орынбасарларына бейнеконференцбайланыс немесе бейнеөтiнiш арқылы жүгiну тәртiбiн ақпараттандыру саласындағы уәкiлеттi орган айқындайды.

Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiн қабылдау, тiркеу және есепке алу (7-бап)

1. Осы Заңда белгiленген тәртiппен берiлген өтiнiштер мiндеттi түрде қабылдануға, тiркелуге, есепке алынуға және қаралуға тиiс.

Өтiнiштi қабылдаудан бас тартуға тыйым салынады.

2. Жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдарға, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келiп түсетiн өтiнiштерiн есепке алу құқықтық статистика және арнайы есепке алу саласында өз құзыретi шегiнде статистикалық қызметтi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган белгiлеген тәртiппен жүзеге асырылады.

Мемлекеттiк көрсетiлетiн қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген өтiнiштердi қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттiк қызметтер көрсету мәселелерi бойынша келiп түскен өтiнiштерi есепке алуға жатпайды.

3. Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастырудың, қабылдаудың, тiркеудiң және есепке алудың жай-күйi үшiн субъектiлердiң басшылары мен лауазымды тұлғалар дербес жауаптылықта болады.

4. Өтiнiш жеке немесе заңды тұлғаның өкiлi арқылы енгiзiлуi мүмкiн. Өкiлдiктi ресiмдеу Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзiледi.

5. Жеке және заңды тұлғалардың жалпыға қолжетiмдi ақпараттық жүйелер арқылы келiп түскен және Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес түскен өтiнiштерi осы Заңда белгiленген тәртiппен қаралуға тиiс.

6. Өтiнiште қойылған мәселелердi шешу құзыретiне кiрмейтiн субъектiге немесе лауазымды адамға келiп түскен өтiнiш субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнiнен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрiлмейтiн мерзiмде тиiстi субъектiлерге жiберiледi, бұл туралы өтiнiш берушiге хабарланады.

Осы тармақтың талабы iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне қолданылмайды.

Өтiнiштi қарау мерзiмдерi (8-бап)

1. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлмейтiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнiнен бастап күнтiзбелiк он бес күн iшiнде қаралады.

2. Қарау үшiн өзге субъектiлерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергiлiктi жерге барып тексеру талап етiлетiн жеке және (немесе) заңды тұлғаның өтiнiшi субъектiге, лауазымды адамға келiп түскен күнiнен бастап күнтiзбелiк отыз күн iшiнде қаралады және ол бойынша шешiм қабылданады.

Қосымша зерделеу немесе тексеру жүргiзу қажет болған жағдайларда, қарау мерзiмi күнтiзбелiк отыз күннен аспайтын мерзiмге ұзартылады, бұл туралы қарау мерзiмi ұзартылған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтiнiш берушiге хабарланады.

3. Өтiнiштi қарау мерзiмiн субъектiнiң басшысы немесе оның орынбасары ұзартады.

4. Егер өтiнiште баяндалған мәселелердi шешу ұзақ мерзiмдi талап етсе, онда өтiнiш түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады, бұл туралы шешiм қабылданған күннен бастап күнтiзбелiк үш күн iшiнде өтiнiш берушiге хабарланады.

5. Қазақстан Республикасының заңдарында өтiнiштердi қараудың өзге де мерзiмдерi белгiленуi мүмкiн.

Өтiнiштердi қарау нәтижелерi бойынша қабылданған шешiмдерге шағым жасау (12-бап)

Лауазымды тұлғалардың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), сондай-ақ субъектiнiң шешiмдерiне бағыныстылық тәртiбiмен жоғары тұрған лауазымды тұлғаға немесе субъектiге, жеке немесе заңды тұлғаға тиiстi субъектiнiң немесе заңды тұлғаның iс-әрекет жасағаны не шешiм қабылдағаны туралы белгiлi болған кезден бастап, үш айдан кешiктiрiлмей шағым берiледi. Шағым беру мерзiмiнiң өтiп кетуi субъектi немесе заңды тұлға үшiн шағымды қараудан бас тартуға негiз болып табылмайды. Шағым беру мерзiмiнiң өтiп кету себептерi шағымды мәнi бойынша қарау кезiнде анықталады және шағымды қанағаттандырудан бас тартуға негiздердiң бiрi болып шығуы мүмкiн.

Жоғары тұрған лауазымды тұлға немесе субъект болмаған не арыз берушi қабылданған шешiммен келiспеген жағдайда арыз тiкелей сотқа берiледi.

Лауазымды адамдардың әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне), сондай-ақ мемлекеттiк органдардың актiлерiне (шешiмдерiне) шағым беру және оны қарау тәртiбi "Әкiмшiлiк рәсiмдер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгiленедi.

Жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн жеке қабылдау (13-бап)

1. Мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының басшылары және олардың орынбасарлары айына кемiнде бiр рет тиiстi мемлекеттiк органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды және заңды тұлғалардың өкiлдерiн, оның iшiнде осы органдардың қызметкерлерiн жеке қабылдауды жүргiзуге мiндеттi.

2. Қабылдау белгiленген әрi жеке және заңды тұлғалардың назарына жеткiзiлген күн мен сағатта жұмыс орны бойынша өткiзiлуге тиiс.

3. Егер өтiнiштi лауазымды тұлға қабылдау кезiнде шеше алмаса, ол жазбаша нысанда баяндалады және онымен жазбаша өтiнiш ретiнде жұмыс жүргiзiледi.

Жеке және заңды тұлғалардың өтiнiштердi қарау кезiндегi құқықтары (14-бап)

Өтiнiш берген жеке не заңды тұлғаның:

1) өз өтiнiшiн растау үшiн қосымша құжаттар мен материалдар беруге не оларды талап ету туралы сұрауға;

2) өтiнiштi қарайтын адамға дәлелдерiн түсiндiруге;

3) өзiнiң өтiнiшiн қарауға байланысты материалдармен танысуға, егер бұл басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын бұзбайтын болса, өтiнiштi қарауға қатысуға;

4) қабылданған шешiм туралы жазбаша немесе ауызша нысанда дәлелдi жауап алуға;

5) егер залал өтiнiштердi қараудың белгiленген тәртiбiн бұзудың салдарынан болса, оны өтеудi талап етуге;

6) лауазымды тұлғалардың iс-әрекеттерiне (әрекетсiздiгiне) не өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге шағым жасауға;

7) Қазақстан Республикасының салық және кеден заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, өтiнiштi қарауды тоқтату туралы өтiнiш бiлдiруге құқығы бар.

Құрылған күні: 20.06.2018 16:22
Жаңартылған күні: 26.07.2018 17:31
Қаралым саны: 3164
Инвесторлар үшін Call-Center
+7 (708) 717-17-75

Қаз Рус Eng