Мемлекет басшысының жыл сайынғы жолдауы

10 қаңтар 2018

Қазақстан Республикасының Президентi Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2018 жылғы 10 қаңтар

Төртiншi өнеркәсiптiк революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкiндiктерi

Құрметтi қазақстандықтар!

Бүгiнде әлем Төртiншi өнеркәсiптiк революция дәуiрiне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтiк салалардағы терең және қарқынды өзгерiстер кезеңiне қадам басып келедi.

Жаңа технологиялық қалып бiздiң қалай жұмыс iстейтiнiмiздi, азаматтық құқықтарымызды қалай iске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтiнiмiздi түбегейлi өзгертуде.

Бiз жаһандық өзгерiстер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттiгiн ескерiп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық.

Алдымызға озық дамыған отыз елдiң қатарына кiру мақсатын қойдық.

100 нақты қадам — Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазiрдiң өзiнде орындалып қойды. Қалғандары, негiзiнен, ұзақ мерзiмге арналған және жоспарлы түрде iске асырылуда.

Өткен жылы Қазақстанның Үшiншi жаңғыруы бастау алды.

Индустрияландыру бағдарламасы табысты iске асуда.

«Цифрлық Қазақстан» кешендi бағдарламасы қабылданды.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейiнгi дамуының кешендi стратегиялық жоспары жасалды.

Бiздiң ұзақ мерзiмдi мақсаттарымыз өзгерiссiз қала бередi.

Қажеттi бағдарламалардың барлығы бар.

Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртiншi өнеркәсiптiк революция әлемiне бейiмделу мен жетiстiкке жету жолын табу үшiн не iстеу қажеттiгiн айқындайды.

Құрметтi отандастар!

Бiз әлем елдерiнiң сенiмi мен құрметiне бөленiп, брендке айналған тәуелсiз Қазақстанды құрдық.

2017 жылы бiздiң ел БҰҰ Қауiпсiздiк Кеңесiнiң тұрақты емес мүшесi болды.

2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етудемiз.

Бiз дүниежүзiлiк ЭКСПО мамандандырылған көрмесiн өткiзу үшiн әлемдiк қоғамдастық таңдап алған ТМД және Шығыс Еуропа елдерi арасындағы бiрiншi мемлекет болдық.

Қазақстанда табысты жұмыс iстеп келе жатқан нарықтық экономика моделi қалыптасты.

2017 жылы елiмiз әлемдiк дағдарыстың қолайсыз салдарын еңсерiп, сенiмдi өсу жолына қайта түстi.

Жыл қорытындысы бойынша iшкi жалпы өнiмнiң өсуi 4 процент болып, ал өнеркәсiптiк өнiмнiң өсуi 7 проценттен асты.

Бұл орайда, өнеркәсiптiң жалпы көлемiнде өңдеушi сектордың үлесi 40 проценттен асып түстi.

Қазақстанның қолайлы дамуы орта таптың қалыптасуына мүмкiндiк бердi.

Кедейшiлiк 13 есе қысқарып, жұмыссыздық деңгейi 4,9 процентке дейiн төмендедi.

Елiмiздiң әлеуметтiк-экономикалық табыстарының негiзi — бiздiң басты құндылықтарымыз ретiнде қала беретiн азаматтық бейбiтшiлiк, ұлтаралық және конфессияаралық келiсiм.

Дегенмен, Қазақстанның жетiстiктерi сенiмдi тiрек саналады, бiрақ ол ертеңгi табыстарымыздың кепiлi емес екенiн жақсы сезiнуiмiз керек.

«Көл-көсiр мұнайдың» дәуiрi аяқталып келедi. Елiмiзге дамудың жаңа сапасы қажет.

Жаһандық трендтер көрсетiп отырғандай, ол, бiрiншi кезекте, Төртiншi өнеркәсiптiк революция элементтерiн кеңiнен енгiзуге негiзделуi тиiс.

Мұның өзiндiк сын-қатерлерi де, мүмкiндiктерi де бар.

Жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылу үшiн Қазақстанда қажеттi нәрсенiң бәрi бар екенiне сенiмдiмiн.

Бұл үшiн мынадай мiндеттердi шешуге жұмылуымыз керек.

БIРIНШI. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгiзудiң көшбасшысына айналуы тиiс.

Оның нәтижелерi мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негiзгi тұрақтандырушы факторлардың бiрi болды.

Сол себептi жоғары еңбек өнiмдiлiгi бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ.

Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, мейлiнше инновациялық сипатқа ие болуға тиiс.

Кәсiпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнiмнiң экспортқа шығуын көздейтiн жаңа құралдарды әзiрлеп, сыннан өткiзу қажет.

Бұлар, бiрiншi кезекте, технологиялардың трансфертiн ынталандыруға тиiс.

Елiмiздiң бiрнеше өнеркәсiптiк кәсiпорнын цифрландыру жөнiндегi пилоттық жобаны iске асырып, бұл тәжiрибенi кеңiнен тарату керек.

Цифрлық және басқа да инновациялық шешiмдердi әзiрлеушiлердiң өз экожүйесiн дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келедi.

Ол бiздiң Назарбаев Университетi, «Астана» халықаралық қаржы орталығы, IT-стартаптардың халықаралық технопаркi сияқты инновациялық орталықтардың төңiрегiнде қалыптасуға тиiс.

«Алатау» инновациялық технологиялар паркiнiң қызметiн ұйымдастыруды түбегейлi қайта қарау қажет.

Нақты сектордың жаңа технологияларға деген сұранысты ынталандыруы және венчурлық қаржыландырудың жеке нарығының қызметi инновациялық экожүйе жетiстiктерiнiң негiзгi факторлары болып саналады.

Бұл үшiн тиiстi заңнама қажет.

Бұдан бөлек, IT және инжинирингтiк қызмет көрсетудi дамыту ерекше маңызға ие болып отыр.

Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенiмен, жұмыс күшiнiң көптеп босап қалу қаупiн де тудырады.

Босайтын жұмыс күшiн еңбекпен қамту үшiн келiсiлген саясатты алдын ала тиянақтау керек.

Бiлiм беру жүйесiн, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейiмдеу қажет болады.

2018 жылы «цифрлық дәуiр» өнеркәсiбiн қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшiншi бесжылдығын әзiрлеуге кiрiсу керек.

ЕКIНШI. Ресурстық әлеуеттi одан әрi дамыту.

ХХI ғасырда әлемнiң табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және елiмiздiң экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады.

Бiрақ шикiзат индустрияларын ұйымдастыру iсiн, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек.

Кешендi ақпараттық-технологиялық платформаларды белсендi түрде енгiзу қажет.

Кәсiпорындардың энергия тиiмдiлiгi мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндiрушiлердiң өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиiмдiлiгiне қойылатын талаптарды арттыру керек.

Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесi баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенiн көрсеттi.

Бүгiнде әлем бойынша өндiрiлетiн электр энергиясының төрттен бiрi жаңартылатын энергия көздерiне тиесiлi.

Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткiш 80 процентке жетедi.

Бiз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесiн 30 процентке жеткiзу мiндетiн қойдық.

Қазiр бiзде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерiнiң 55 нысаны жұмыс iстейдi. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндiрiлдi.

«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшiн бизнестi ынталандыру маңызды.

Өңiрлердiң әкiмдерi шағын және орта бизнес субъектiлерiн кеңiнен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшiн шаралар қабылдау керек.

Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның iшiнде Экологиялық кодекске өзгерiстер енгiзудi талап етедi.

ҮШIНШI. «Ақылды технологиялар» — агроөнеркәсiп кешенiн қарқынды дамыту мүмкiндiгi.

Аграрлық саясат еңбек өнiмдiлiгiн түбегейлi арттыруға және өңделген өнiмнiң экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.

Бiз егiн егiп, дәндi дақылдарды өсiрудi үйрендiк.

Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазiр ол жеткiлiксiз.

Шикiзатты қайта өңдеудi қамтамасыз етiп, әлемдiк нарықтарға жоғары сапалы дайын өнiммен шығуымыз қажет.

Бұл мәселенi шешуге барлық аграрлық кешеннiң түбегейлi бет бұруы маңызды.

Аграрлық ғылымды дамыту мәселесi басты назарда болуға тиiс.

Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейiмдеумен айналысуы қажет.

Осыған орай аграрлық университеттердiң рөлiн қайта қарау керек.

Олар диплом берiп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенiнде нақты жұмыс iстейтiн немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиiс.

Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсiп кешенiндегi озық бiлiм мен үздiк тәжiрибенi тарататын орталықтарға айналу талап етiледi.

Мысалы, егiн егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудiң, зиянкестермен және арамшөппен күресудiң интеллектуалды жүйелерi арқылы өнiмдiлiктi бiрнеше есе арттыруға болады.

Жүргiзушiсi жоқ техника адами факторды азайтып, егiншiлiктiң өзiндiк құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкiндiк бередi.

Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдердi енгiзу, агроөнеркәсiп кешенiнiң ғылымға негiзделуiн арттыру шаруашылықтарды кооперациялау қажеттiгiн күшейтедi.

Ауыл шаруашылығы субъектiлерiнiң кооператив түрiнде жұмыс iстеуiне жан-жақты қолдау көрсету керек.

Мемлекет бизнеспен бiрлесiп, отандық өнiмдi халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, iлгерiлетуге тиiс.

Ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту өнiмнiң сапасы мен экологиялық тазалығын сақтай отырып жүргiзiлуi қажет.

Бұл бүкiл әлемге танылатын «Қазақстанда жасалған» табиғи азық-түлiк брендiн қалыптастырып, iлгерiлетуге мүмкiндiк бередi.

Сонымен қатар жердi барынша тиiмдi игеретiндердi ынталандырып, ал дұрыс пайдалана алмайтындарға шара қолдану керек.

Тиiмсiз субсидияларды ауыл шаруашылығы кешенi субъектiлерiне арналған банк несиелерiн арзандатуға қайта бағыттау қажет.

5 жыл iшiнде агроөнеркәсiп кешенiндегi еңбек өнiмдiлiгiн және өңделген ауыл шаруашылығы өнiмiнiң экспортын, тиiсiнше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырамын.

ТӨРТIНШI. Көлiк-логистика инфрақұрылымының тиiмдiлiгiн арттыру.

Бүгiнде Қазақстан арқылы бiрнеше трансконтиненталды коридор өтедi.

Бұл туралы көп айтылды.

Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзитi 2017 жылы 17 процентке өсiп, 17 миллион тоннаға жуықтады.

Транзиттен түсетiн жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткiзу мiндетi тұр.

Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкiндiк бередi.

Жүк қозғалысын онлайн режiмiнде бақылап, олардың кедергiсiз тасымалдануы үшiн және кедендiк операцияларды жеңiлдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгiзiлуiн қамтамасыз ету қажет.

Заманауи шешiмдер логистиканың барлық буынының өзара байланысын ұйымдастыруға мүмкiндiк бередi.

«Үлкен деректердi» (Big data) пайдалану сапалы талдауды қамтамасыз етуге, өсiмнiң резервiн анықтауға және артық шығынды азайтуға жағдай туғызады.

Осы мақсаттар үшiн Интеллектуалды көлiк жүйесiн енгiзу қажет.

Бұл жүйе көлiк ағынын тиiмдi басқаруға және инфрақұрылымды одан әрi дамыту қажеттiгiн анықтауға жол ашады.

Iшкi өңiрлiк қатынастарды жақсарту үшiн автожолдардың жергiлiктi желiсiн жөндеу мен қайта салуға арналған қаржы көлемiн көбейту керек.

Осыған жыл сайын бөлiнетiн бюджет қаражатының жалпы көлемiн орташа мерзiмдегi кезеңде 150 миллиард теңгеге жеткiзу қажет.

Бұл жұмысқа өңiрлердегi барлық әкiмдiктердiң белсендi қатысуын қамтамасыз ету керек.

БЕСIНШI. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгiзу.

Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берiлген тұрғын үйлердiң көлемi жылына 10 миллион шаршы метрден асты.

Тұрғын үйдi көпшiлiкке қолжетiмдi еткен тұрғын үй жинақтау жүйесi тиiмдi жұмыс iстеуде.

Баспанамен қамту көрсеткiшi соңғы 10 жылда бiр тұрғынға шаққанда 30 процентке өсiп, бүгiнде 21,6 шаршы метрдi құрады.

Бұл көрсеткiштi 2030 жылы 30 шаршы метрге дейiн жеткiзу керек.

Осы мiндеттi орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдiстерiн, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсiлдердi қолдану керек.

Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиiмдiлiгiне жоғары талап қою қажет.

Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерiмен жабдықтау керек.

Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистердi тиiмдi жұмысқа ынталандырады.

Заңнамаға, соның iшiнде табиғи монополиялар саласын реттейтiн заңдарға тиiстi өзгерiстер енгiзу қажет.

Әкiмдер тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын жетiлдiру мәселесiн мемлекет-жекеменшiк серiктестiгi негiзiнде белсендi шешуi керек.

Ауылдық елдi мекендердi сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшiн Үкiмет бұл iске барлық қаражат көздерiнен жыл сайын кем дегенде 100 миллиард теңге қарастыруы қажет.

АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту».

Банктiк портфельдердi «нашар» несиеден арылту iсiн аяқтау қажет.

Ол үшiн банк иелерi шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершiлiк алуға тиiс.

Акционерлердiң аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшiн банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиiс.

Ұлттық Банк мұндай iстерге немқұрайлы қарамау керек.

Әйтпесе, мұндай мемлекеттiк органның не керегi бар?

Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметiн қадағалау қатаң, уақтылы әрi нәтижелi болуға тиiс.

Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерiн қорғауға одан әрi кепiлдiк бередi.

Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет.

Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейiн халыққа берiлген валюталық ипотекалық займдар жөнiндегi мәселенi Ұлттық Банкке толығымен шешудi тапсырамын.

Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзiнде тыйым салынған болатын.

Ұлттық Банк пен Үкiмет экономика салаларындағы нақты тиiмдiлiктi есепке алатын ставкалармен бизнеске ұзақ мерзiмдi несиелендiрудi қамтамасыз ету мәселесiн бiрлесiп шешуге тиiс.

Инвестициялық ахуалдың одан әрi жақсаруы және қор нарығының дамуы маңызды болып саналады.

Бұл — жұмысын бастаған «Астана» халықаралық қаржы орталығының негiзгi мiндеттерiнiң бiрi.

Ол халықаралық озық тәжiрибенi пайдаланып, ағылшын құқығы мен заманауи қаржы технологияларын қолданатын өңiрлiк хабқа айналуға тиiс.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» ұлттық компанияларының акцияларын IPO-ға табысты түрде шығару қор нарығын дамытуға септiгiн тигiзедi.

ЖЕТIНШI. Адами капитал — жаңғыру негiзi.

Бiлiм берудiң жаңа сапасы.

Барлық жастағы азаматтарды қамтитын бiлiм беру iсiнде өзiмiздiң озық жүйемiздi құруды жеделдету қажет.

Бiлiм беру бағдарламаларының негiзгi басымдығы өзгерiстерге үнемi бейiм болу және жаңа бiлiмдi меңгеру қабiлетiн дамыту болуға тиiс.

2019 жылдың 1 қыркүйегiне қарай мектепке дейiнгi бiлiм беру iсiнде балалардың ерте дамуы үшiн өз бетiнше оқу машығы мен әлеуметтiк дағдысын дамытатын бағдарламалардың бiрыңғай стандарттарын енгiзу қажет.

Орта бiлiм беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады.

Бұл — мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар.

Педагогтарды оқыту және олардың бiлiктiлiгiн арттыру жолдарын қайта қарау керек болады.

Елiмiздiң университеттерiндегi педагогикалық кафедралар мен факультеттердi дамыту қажет.

Бiлiм берудiң барлық деңгейiнде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек.

Бұл — жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты.

Бiлiм беру мекемелерiнiң арасындағы бәсекелестiктi арттырып, жеке капиталды тарту үшiн қала мектептерiнде жан басына қатысты қаржыландыру енгiзiлетiн болады.

Бiздегi оқушылардың жүктемесi ТМД елдерiнiң iшiнде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерiне қарағанда орта есеппен үштен бiр еседен көп екенiн ескерiп, оны төмендету керек.

Барлық өңiрлердегi Оқушылар сарайларының базасында компьютерлердi, лабораторияларды және 3Д-принтерлердi қоса алғанда, барлық қажеттi инфрақұрылымдары бар балалар технопарктерi мен бизнес-инкубаторларының желiсiн құру керек.

Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндiрiстiк-технологиялық ортаға ұтымды түрде кiрiстiруге көмектеседi.

Қазақстандықтардың болашағы — қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiн еркiн меңгеруiнде.

Орыс тiлдi мектептер үшiн қазақ тiлiн оқытудың жаңа әдiстемесi әзiрленiп, енгiзiлуде.

Егер бiз қазақ тiлi ғұмырлы болсын десек, оны жөнсiз терминологиямен қиындатпай, қазiргi заманға лайықтауымыз қажет.

Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тiлiне аударылған.

Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкiңдi келтiредi.

Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр.

Осындай аудармаларды негiздеу тәсiлдерiн қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тiлiн халықаралық деңгейге жақындату керек.

Латын әлiпбиiне көшу бұл мәселенi реттеуге мүмкiндiк бередi.

2025 жылға дейiн бiлiм берудiң барлық деңгейiнде латын әлiпбиiне көшудiң нақты кестесiн жасау қажет.

Орыс тiлiн бiлу маңызды болып қала бередi.

2016 жылдан берi жаңартылған бағдарлама бойынша орыс тiлi қазақ мектептерiнде 1-сыныптан бастап оқытылып келедi.

2019 жылдан 10-11-сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерiн оқытуды ағылшын тiлiне көшiру басталатын болады.

Нәтижесiнде, бiздiң барлық түлектерiмiз елiмiзде және жаһандық әлемде өмiр сүрiп, жұмыс iстеуi үшiн қажеттi деңгейде үш тiлдi меңгеретiн болады.

Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам құрылады.

Кез келген этникалық топтың өкiлi кез келген жұмысты таңдай алады, тiптi Президент болып сайлануға да мүмкiндiгi болады.

Қазақстандықтар бiртұтас ұлтқа айналады.

Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесiмдi түрде толықтырылуға тиiс.

Цифрлық бiлiм беру ресурстарын дамыту, кең жолақты Интернетке қосу және мектептерiмiздi видеоқұрылғылармен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру қажет.

Жұмыс берушiлердi тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсiптiк бiлiм беру бағдарламаларын жаңарту керек.

«Баршаға тегiн кәсiптiк-техникалық бiлiм беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет.

Мемлекет жастарға алғашқы мамандықты бередi.

Үкiмет бұл мiндеттi орындауға тиiс.

Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздiк оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек.

Бұл барлық қазақстандықтарға, оның iшiнде шалғайдағы елдi мекен тұрғындарына озық бiлiм мен құзыреттiлiкке қол жеткiзуге жол ашады.

Жоғары бiлiм беру iсiнде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс iстеу үшiн ақпараттық технологиялар бойынша бiлiм алған түлектер санын көбейту керек.

Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсiп кешенi, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу iсiнде басымдық беретiн жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек.

Қолданбалы ғылыми-зерттеулердi ағылшын тiлiне бiртiндеп көшiрудi жүзеге асыру талап етiледi.

Жоғары оқу орындары шетелдердiң жетекшi университеттерiмен, ғылыми орталықтарымен, iрi кәсiпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бiрлескен жобаларды белсендi түрде жүзеге асыруы қажет.

Жеке сектордың бiрлескен қаржыландыруға атсалысуы барлық қолданбалы ғылыми-зерттеу әзiрлемелерi үшiн мiндеттi талап болуға тиiс.

Жас ғалымдарымызға ғылыми гранттар аясында квота бөлiп, оларды қолдаудың жүйелi саясатын жүргiзуiмiз керек.

Бiлiм беру саласына өзiнiң инвестициялық жобалары мен экспорттық әлеуетi бар экономиканың жеке саласы ретiнде қарайтын кез келдi.

Жоғары оқу орындарына бiлiм беру бағдарламаларын жасауға көбiрек құқық берiп, олардың академиялық еркiндiгiн заңнамалық тұрғыдан бекiту керек.

Оқытушылардың қайта даярлықтан өтуiне күш салып, жоғары оқу орындарына шетелдiк менеджерлердi тартып, әлемдiк университеттердiң кампустарын ашу қажет.

Ұлттың әлеуетiн арттыру үшiн мәдениетiмiз бен идеологиямызды одан әрi дамытуымыз керек.

«Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында.

Өзiнiң тарихын, тiлiн, мәдениетiн бiлетiн, сондай-ақ заманына лайық, шет тiлдерiн меңгерген, озық әрi жаһандық көзқарасы бар қазақстандық бiздiң қоғамымыздың идеалына айналуға тиiс.

Үздiк денсаулық сақтау iсi және денi сау ұлт.

Халықтың өмiр сүру ұзақтығының өсуiне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемi арта түсетiн болады.

Қазiргi денсаулық сақтау iсi қымбатқа түсетiн стационарлық емге емес, негiзiнен аурудың алдын алуға бағытталуға тиiс.

Саламатты өмiр салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару iсiн күшейту керек.

Жастардың репродуктивтi денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек.

Тиiмдiлiгi аз және мемлекет үшiн шығыны көп диспансерлiк ем қолданудан негiзгi созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет.

Бұл тәжiрибе әлемде бұрыннан бар.

Оны батыл әрi белсендi түрде енгiзу керек.

Онкологиялық аурулармен күресу үшiн кешендi жоспар қабылдап, ғылыми онкологиялық орталық құру қажет.

Халықаралық озық тәжiрибе негiзiнде ауруды ерте диагностикалаудың және қатерлi iсiктi емдеудiң жоғары тиiмдiлiгi қамтамасыз етiлуге тиiс.

Бiз кардиология, босандыру және өкпе ауруымен күресу кезiнде атқарған iстерiмiз сияқты жұмыстарды да жүргiзуiмiз керек.

Денсаулық сақтау саласы халықтың, мемлекеттiң және жұмыс берушiнiң ортақ жауапкершiлiгiне негiзделген Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiне кезең-кезеңiмен көшетiн болады.

Оны енгiзудiң қажеттiлiгi ешқандай күмән туғызбайды.

Алайда, Денсаулық сақтау министрлiгi мен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi iске асырмаған дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргiзу талап етiледi.

Мемлекеттiң мiндеттерiн нақты белгiлей отырып, Тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiнiң жаңа моделiн әзiрлеу қажет.

Халық мемлекет тарапынан кепiлдiк берiлмеген қызметтердi Мiндеттi әлеуметтiк медициналық сақтандыру жүйесiнiң қатысушысы ретiнде немесе ерiктi медициналық сақтандыру, сондай-ақ бiрлесе төлеу арқылы ала алады.

Ақпараттық жүйелердi бiрiктiру, мобильдiк цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгiзу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу арқылы медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгi мен тиiмдiлiгiн арттыру қажет.

Медицинада ауруларды диагностикалау мен емдеудiң тиiмдiлiгiн айтарлықтай арттыратын генетикалық талдау мен жасанды интеллект технологияларын енгiзуге кiрiсуiмiз керек.

Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады.

Бүгiнде бiзде Назарбаев Университетiнiң бiрегей Медицина мектебi бар. Онда бiрiктiрiлген университет клиникасы жұмыс iстейдi.

Бұл тәжiрибе барлық медициналық жоғары оқу орындарына таратылуға тиiс.

Осы және басқа да шараларды iске асыру үшiн «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» кодекстiң жаңа редакциясын әзiрлеу қажет.

Сапалы жұмыспен қамту және әлеуметтiк қамсыздандырудың әдiлеттi жүйесi.

Еңбек нарығының тиiмдiлiгiн қамтамасыз етiп, әрбiр адамның өз әлеуетiн iске асыра алуы үшiн жағдай жасаудың маңызы зор.

Барлық негiзгi мамандық бойынша заманауи стандарттар әзiрлеу қажет.

Бұл стандарттарда жұмыс берушiлер мен бизнесмендер еңбеккерлердiң бiлiмi, қабiлетi мен құзыретiнiң қандай болуы қажеттiгiн нақты белгiлейдi.

Кәсiби стандарттардың талаптарын ескерiп, бiлiм берудiң жаңа бағдарламаларын әзiрлеу қажет немесе қазiргi бағдарламаларды жаңарту керек.

Өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсiмнiң резервi саналады.

Мен өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар мәселесiн қарастыру жөнiнде бiрнеше рет талап қойғанмын.

Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi бұл iске жауапсыздық танытып, атүстi қарап отырды.

Адамдарды нәтижелi жұмысқа тарту үшiн көбiрек мүмкiндiк берiп, олардың жеке кәсiбiн бастауына немесе жаңа мамандық алып, жұмысқа орналасуына жағдай жасау керек.

«Атамекен» ұлттық кәсiпкерлер палатасының бизнестi үйрету жөнiндегi жұмыстары қолдауға тұрарлық.

Нәтижелi жұмыспен қамтуды және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту бағдарламасы аясында оның құралдарын нығайта отырып, халықтың осы санаттарын кеңiнен тарту қажет.

Өзiн-өзi жұмыспен қамтығандарды тiркеу үдерiсiн мейлiнше жеңiлдетiп, оларға мемлекет алдындағы мiндеттерiн адал атқару тиiмдi болатындай жағдай туғызу қажет.

Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезiрек иеленуге, соның iшiнде елiмiздiң басқа да елдi мекендерiнен жұмыс табуға мүмкiндiгi болуға тиiс.

Бiрыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгiзу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс iздеушiлер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиiс.

Азаматтар үйлерiнен шықпай-ақ кәсiби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттiк қолдау шаралары туралы бiлiп, өзiн қызықтыратын жұмыс таба алатын болады.

Еңбек кiтапшаларын да электрондық форматқа көшiрген жөн.

Электрондық еңбек биржасы туралы заңды 2018 жылғы 1 сәуiрге дейiн қабылдау қажет.

Әлеуметтiк саясат азаматтарды толыққанды экономикалық өмiрге тарту арқылы жүзеге асырылатын болады.

Қазiр зейнетақы жүйесi толықтай еңбек өтiлiне байланыстырылған.

Кiм көп жұмыс iстесе, сол көп зейнетақы алатын болады.

Осыған орай, барша қазақстандықтар өздерiнiң атқаратын жұмыстарын заңдастыруға зор мән беруi керек.

Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнде де еңбек өтiлi мен өтемақы мөлшерi арасындағы өзара байланыс күшейтiлетiн болады.

Бiз 2018 жылдан бастап халықтың әлеуметтiк тұрғыдан аз қамтылған тобына атаулы әлеуметтiк көмек көрсетудiң жаңа тәртiбiне көштiк.

Оның шегi ең төменгi күнкөрiс деңгейiнiң 40 процентiнен 50 процентiне дейiн көтерiлдi.

Еңбекке қабiлеттi әлеуметтiк тұрғыдан аз қамтылған азаматтар үшiн берiлетiн қаржылай көмек олар жұмыспен қамту шараларына қатысқан жағдайда ғана қолжетiмдi болады.

Еңбекке қабiлетсiз азаматтарға мемлекеттiк қолдау көрсету шаралары күшейтiледi.

Қымбатты қазақстандықтар!

Мемлекет өзiнiң әлеуметтiк мiндеттемелерiнiң барлығын толықтай орындайды.

2016-2017 жылдары зейнетақы мен жәрдемақы үш рет көбейгенiн еске салғым келедi.

Базалық зейнетақы, жалпы алғанда, 29 процентке, ынтымақты зейнетақы 32 процентке, бала тууға байланысты жәрдемақы 37 процентке, ал мүгедектер мен асыраушысынан айырылғандарға төленетiн жәрдемақының әрқайсысы 43 процентке өстi.

Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлердiң жалақысы 28 процентке дейiн, бiлiм беру саласы қызметкерлерiнiң жалақысы 29 процентке дейiн, әлеуметтiк қорғау саласы қызметкерлерiнiң жалақысы 40 процентке дейiн, «Б» корпусындағы мемлекеттiк қызметшiлердiң жалақысы 30 процентке, стипендиялар 25 процентке өстi.

Дағдарыс заманы. Әйтсе де, әлемнiң санаулы ғана елдерi әлеуметтiк салаға жұмсайтын шығындарын осылай арттыра алды.

Республикалық бюджеттiң әлеуметтiк салаға бөлiнген шығыны 2018 жылы 12 процентке өсiп, 4,1 триллион теңгеден асты.

Әлеуметтiк төлемдердi, соның iшiнде зейнетақыны өсiру 3 миллионнан астам қазақстандықтың табыстарын көбейтедi.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 процентке артты.

Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейiн өстi.

2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап базалық зейнетақы еңбек өтiлiне байланысты орташа алғанда 1,8 есе көбейетiн болады.

Бұдан бөлек, 2018 жылдың 1 шiлдесiнен бастап кәмелетке толған, бала кезiнен бiрiншi топтағы мүгедектердi бағып отырған ата-аналар үшiн қосымша мемлекеттiк жәрдемақыны енгiзудi тапсырамын.

Бiр ең төменгi күнкөрiс деңгейiнен кем емес мұндай жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алады.

2018 жылы осы мақсатқа 3 миллиард теңгеге дейiн қаржы қажет болады.

Мұғалiм мәртебесiн арттыру мақсатымен бiлiм берудiң жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтудi тапсырамын.

Жаңартылған мазмұн дегенiмiз — халықаралық стандарттарға сай келетiн және Назарбаев зияткерлiк мектептерiнде бейiмделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары.

Бұлар бiздiң балаларымызға қажеттi функционалдық сауаттылық пен сыни тұрғыдан ойлау қабiлетiн дарытады.

Сонымен қатар 2018 жылы категориялар арасындағы алшақтықты арттырып, мұғалiмдер үшiн бiлiктiлiк деңгейiн ескеретiн категориялардың жаңа кестесiн енгiзудi тапсырамын.

Категорияларды бүкiл әлемде қолданылып жүрген ұлттық бiлiктiлiк тест арқылы беру керек.

Бұл педагогтарды өздерiн ұдайы жетiлдiруге ынталандыратын болады.

Нәтижесiнде, мұғалiмдердiң жалақысы бiлiктiлiгiнiң расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейiн өседi.

Бұл үшiн биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажет.

СЕГIЗIНШI. Тиiмдi мемлекеттiк басқару.

Мемлекеттiк әкiмшiлендiру кезiнде кәсiпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет.

Осыған орай бизнестi реттеуге қатысуды әрi қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек.

«Бiр терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттiк қолдау көрсету үдерiстерiн цифрландыруды қамтамасыз ету қажет.

Мемлекеттiк органдардың ақпараттық жүйелерiнiң интеграциясы «бiр өтiнiш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттiк қызмет көрсетуден кешендi қызмет көрсетуге көшуге мүмкiндiк бередi.

Сонымен қатар табиғи монополия субъектiлерi көрсететiн қызметтерiнiң сапасын арттыру жөнiндегi жұмысты жалғастыру керек.

Олар үшiн және энергия өндiрушiлер үшiн инвестициялық бағдарламаларын ескерiп, негiзделген тарифтердi белгiлеу маңызды.

Бизнес-климатты жақсарту үшiн батыл iс-қимыл талап етiледi, әсiресе өңiрлiк деңгейде.

Үкiмет бизнестi көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелi шаралардың жаңа пакетiн дайындауға тиiс.

Мемлекеттiк органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебiнен жекешелендiру жоспарын кеңейте отырып, оны iске асыруды жеделдету қажет.

Әкiмшiлiк шығындарды азайту үшiн ведомствоға бағынышты нақты қажеттi ұйымдарды мүмкiндiгiнше бiрiктiру керек.

Босаған қаражатты мемлекеттiк қызметшiлердiң факторлық-балдық шкалаға негiзделген жаңа еңбекақы жүйесiн енгiзуге бағыттау қажет.

Бұл орталықтағы және өңiрлердегi мемлекеттiк қызметшiлер жалақысының диспропорциясын қысқартады, сондай-ақ жұмыстың сипаты мен тиiмдiлiгi ескерiлетiн болады.

Үкiметке Мемлекеттiк қызмет iстерi агенттiгiмен бiрлесiп, 2018 жылы орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдарда осы жүйенi енгiзудiң пилоттық жобаларын iске асыруды тапсырамын.

Өңiрлердегi мемлекеттiк қызметтiң тиiмдiлiк әлеуетiн олардың экономикалық дербестiгi мен жауапкершiлiгiн арттыру арқылы мейлiнше толық ашу керек.

Жалпы алғанда, өңiрлiк саясат өңiрлердiң шығындарын теңестiруден жеке табыстарының өсiмiн ынталандыруға бағытталуға тиiс.

Атап айтқанда, бүгiнде әлемдегi әрбiр оныншы жұмыс орнын ашып отырған сырттан келушiлер туризмi мен iшкi туризм кез келген өңiр үшiн перспективалық табыс көздерiнiң бiрi болып саналады.

Үкiмет виза мәселелерiн жеңiлдетудi, инфрақұрылымды дамытуды және туризм саласындағы кедергiлердi алып тастауды қамтитын кешендi шаралар қабылдауы керек.

Фискальды орталықсыздандыру аясында шағын және орта бизнестен түсетiн корпоративтi табыс салығын өңiрлiк бюджеттерге беру мәселесiн шешу керек.

2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың дербес бюджетi мен коммуналдық меншiгiн енгiзу заң жүзiнде белгiленген.

2020 жылдан бастап бұл нормалар барлық елдi мекендерде күшiне енедi.

Салықтық және салықтан тыс басқа да түсiмдердiң 7 түрi, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетiне берiлдi.

Бұл жергiлiктi маңызы бар мәселелердi шешу үшiн халықты тартуға мүмкiндiк бередi.

Сонымен қатар мемлекеттiк органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режiмiнде азаматтардың ескертпелерi мен ұсыныстарын есепке алу үшiн заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиiс.

Мемлекет пен компаниялар жаңа технологияларды енгiзе отырып, өз ақпараттық жүйелерi мен құрылғыларының берiк қорғалуын қамтамасыз етуi керек.

Бүгiнде киберқауiпсiздiк ұғымы тек ақпаратты ғана емес, сонымен қатар өндiрiстiк және инфрақұрылымдық нысандарды басқару тетiгiн қорғау дегендi де бiлдiредi.

Осы және өзге де шаралар Қазақстанның Ұлттық қауiпсiздiк стратегиясында көрiнiс табуға тиiс.

ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдiгi.

Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса бередi.

Көп жұмыс iстелiп жатыр.

Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеунiктер мен мемлекеттiк компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшiн 2,5 мыңнан астам адам сотталды.

Осы уақыт iшiнде олардың 17 миллиард теңге көлемiнде келтiрген залалы өтелдi.

Мемлекеттiк органдардағы процестердi, соның iшiнде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады.

Атап айтқанда, азаматтар өз өтiнiштерiнiң қалай қарастырылып жатқанын көрiп, дер кезiнде сапалы жауап алуға тиiс.

Сот және құқық қорғау жүйелерiн институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда.

Заңнамаға қылмыстық процестегi азаматтардың құқықтарын қорғау iсiн күшейтудi, оның әсiре қатаңдығын бәсеңдетудi көздейтiн нормалар енгiзiлдi.

Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейiнгi сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейдi.

Құқық қорғау органдарының өкiлеттiгi мен жауапкершiлiк шегi айқындалды.

Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепiлдiктi нығайту, құқық үстемдiгiн қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметiн iзгiлендiру жұмыстарын жалғастыру қажет.

Қоғамдық тәртiптi сақтау және қауiпсiздiктi қамтамасыз ету саласында көшелерде және адам көп жиналатын қоғамдық орындарда бейнебақылау жүргiзетiн, азаматтарды анықтайтын және жол қозғалысын қадағалайтын интеллектуалды жүйелердi белсендi түрде енгiзу керек.

ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшiн.

2018 жыл — елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетiн мерейтойлы жыл.

Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы — баршамыздың ортақ мақтанышымыз.

Заманауи технологиялар жылдам өсiп келе жатқан мегаполистiң проблемаларын тиiмдi шешуге жол ашады.

«Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерiн дамыту негiзiнде қалалық ортаны басқаруды кешендi түрде енгiзу қажет.

Әлемде инвесторлар үшiн қалалар бәсекеге түседi деген түсiнiк қалыптасты.

Олар елдi емес, жайлы өмiр сүрiп, жұмыс iстейтiн қаланы таңдайды.

Сондықтан, Астананың тәжiрибесi негiзiнде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжiрибе алмасу iсiн бастау керек.

«Ақылды қалалар» өңiрлiк дамудың, инновацияны таратудың және елiмiздiң барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтерiне айналады.

Мiне, алдымызда тұрған 10 мiндет осы. Бұлар — түсiнiктi әрi айқын.

Қымбатты қазақстандықтар!

Бiз саяси тұрақтылық пен қоғамдық келiсiмнiң арқасында экономикамызды, саясатымызды және санамызды жаңғыртуға кiрiстiк.

Технологиялық және инфрақұрылымдық тұрғыдан дамудың жаңа кезеңiне тың серпiн берiлдi.

Конституциялық реформа билiк тармақтары арасындағы балансты нақтылай түстi.

Бiз ұлттық сананы жаңарту үдерiсiн бастадық.

Бұл базалық үш бағыт Қазақстан жаңғыруының жүйелi үш тұғыры болып саналады.

Бiз жаңа заманға сай болу үшiн Төртiншi өнеркәсiптiк революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған бiртұтас ұлт болуымыз керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауы. 31-қаңтар 2017 жыл.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына жолдауы. 31-қаңтар 2017 жыл.

Құрметті қазақстандықтар!

Мен Қазақстан халқына жаңа дәуір қарсаңында сөз арнап отырмын.

Еліміз өзінің 25 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтті. Біз елімізді мақтан тұтамыз. Табыстарымыз бен жетістіктеріміз туралы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойында атап өттік. Оларды бүкіл әлем біледі және жоғары бағалайды.

2017 жылдың басынан бастап Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болды.

Биыл Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі өтеді. Мұндай өте маңызды әлемдік деңгейдегі іс-шараны біз ТМД және Орталық Азия елдерінің арасында бірінші болып өткіземіз.

Алматыда Универсиада-2017 спорт ойындары өтіп жатыр. Оған 57 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация мүшелері қатысуда.

Осының барлығы Қазақстанның халықаралық аренада жоғары беделге ие болғанын және саясатымыздың дұрыстығын көрсетеді.

Қазақстан 2050 жылға қарай әлемдегі ең алдыңғы қатарлы 30 мемлекеттің қатарына қосылуға тиіс. Біз осы мақсатқа қарай табандылықпен ілгерілей береміз.

Жаһандық бәсекелестіктің өсуі және әлемдегі тұрақсыздық жағдайында, 2012 жылы халқыма ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясының өзектілігі арта түседі. Біз қиындықтарды уақтылы болжай алдық.

«Нұрлы жол» экономикалық саясатының және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының нәтижесінде осынау қиын, жаһандық трансформацияның алғашқы кезеңінен лайықты өтіп келеміз. Тек 2014-2016 жылдар аралығында біз экономиканы қолдауға қосымша 1,7 триллион теңге жұмсадық. Мұның барлығы экономикалық өсімді және бизнесті қолдауға, 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде, 2016 жылы біз ішкі жалпы өнімнің 1% өсімін қамтамасыз еттік. Бұл қазіргі күрделі жағдайда айтарлықтай маңызды.

Әлем қарқынды түрде өзгеріп келеді.

Бұл — жаңа жаһандық болмыс, оны біз қабылдауға тиіспіз.

Қымбатты отандастар!

Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді.

Әлемде кезекті, Төртінші өнеркәсіптік революция басталды.

Экономиканы жаппай цифрландыру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді. Біздің көз алдымызда болып жатқан ұлы өзгерістер — әрі тарихи сын-қатер, әрі Ұлтқа берілген мүмкіндік.

Бүгін мен Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөнінде міндет қойып отырмын. Елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажет.

Қазіргі кезде көптеген елдер осындай міндетті орындауға ұмтылуда. Өсімнің жаңа моделіне көшу тәсілі әр жерде әр түрлі екеніне сенімдімін. Біз өзіміздің мықты тұстарымызды пайдаланып, Тәуелсіздігіміздің 25 жылында бірге қалыптастырған әлеуетімізді жоғалтып алмауымыз керек қой.

Қазақстанның Бірінші жаңғыруы бәріміздің есімізде. 25 жыл бұрын КСРО-ның қирандысынан шығып, өз жолымызды қалай бастағанымыз жадымызда тұр. Сол кезде біздің буын іргетасынан бастап қолға алып, әлем картасында болмаған жаңа мемлекет құрды.

Жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жүзеге асырылды. Біздің бәріміз бірлесіп, сол кезде елімізді күйреуге, азамат соғысына, экономикалық күйзеліске ұшыратпағанымыз мен үшін өте маңызды. Қазақстан бұл кезеңде аз шығын шығарып, зор жетістіктерге қол жеткізді.

Екінші жаңғыру «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылдануымен және жаңа елорда — Астананың салынумен басталды. Оның нәтижелі болғаны дау тудырмайды. Еліміз экономикалық тұрғыдан артта қалған аймақтан шығып, әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына кірді.

Табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. 

Бұл жаңғыру — қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары — «100 нақты қадам» базасында өткізіледі.

Мен оның бес негізгі басымдығын көріп отырмын. Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған. 

Бірінші басымдық — экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы.

Біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл — маңызды кешенді міндет.

Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты.

Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеуді және қабылдауды тапсырамын.

Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек.

Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.

Жаңа индустриялар қалыптастырудың маңызды шарты инновацияны қолдау және оларды өндіріске тезірек енгізу болып саналады.

Үкіметке «ЭКСПО-2017» нысандарының бірінің базасында IT-стартаптар халықаралық технопаркін құруды тапсырамын. Ол әлемнің барлық елінен кәсіпкерлер мен инвесторлар тартудың платформасы болуға тиіс. Бұл үшін тиісті инфрақұрылым және салық жеңілдіктерін, оңайлатылған виза мен еңбек режімін қоса алғанда, қолайлы жағдай керек.

Біз жоғары оқу орындары, Назарбаев Университеті және «Алатау» иннновациялық технологиялар паркі базасында өзіміздің ғылыми және инновациялық әлеуетімізді дамытуымыз керек.

Екінші кешенді міндет. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек.

Бұл — өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, көлік пен логистика, құрылыс секторы және басқа салалар.

Бірінші. Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек.

Бұл жердегі негізгі фактор Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізу болуға тиіс.

Бұл — автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер» алмасу, тағы басқа міндеттер.

Үкіметке бизнес өкілдерімен бірге 2025 жылға дейін базалық салаларды технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандырудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырамын.

Екінші. Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек.

Үкімет алдында қазірдің өзінде 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндеті тұр.

Бұл бағыттағы жұмысты жандандыру үшін экспортты дамыту мен ілгерілету тетіктерін бір ведомстоваға шоғырландыру қажет. Экспорттаушыларға «бір терезе» қағидаты бойынша өңірлерде де қолдау көрсету керек.

Үкімет жанынан Экспорт саясаты жөніндегі кеңес құруды тапсырамын. Оған бизнес қоғамдастығының өкілдері кіруге тиіс.

Биылғы 1 қыркүйекке дейін Үкімет әкімдермен және бизнес өкілдерімен бірлесіп, Бірыңғай экспорт стретегиясын әзірлеуі керек.

Қазақстан шетел инвестицияларын тарту ісіндегі көшбасшылығын сақтап қалуы қажет.»Астана» халықаралық қаржы орталығы ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөл атқаруға тиіс.

Біз тауар өндіру мен өткізу, қызмет көрсету ісін жаһандық желіге бейімдеуіміз керек. Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн.

Қазақстанда өндірістер ашу жөніндегі Қытаймен бірлескен инвестициялық бағдарламаны тиімді жүзеге асыру керек. Қытай тарапымен уағдаластыққа қол жеткізілді. Нысандар белгіленді. Нақты жұмыс істеу қажет.

Бұл қазақстандықтар үшін 20 мың жаңа жұмыс орнын ашатын заманауи өндіріс болмақ. Қазір 6 жоба жүзеге асырыла бастады, ал 2 жоба іске қосылды. Соның бірі — гибридтік және толықтай электрлі JAC автомобильдерін ірі құрылғылардан құрастыратын зауыт.

Қажетті инфрақұрылым қалыптастыру жайын ескеріп, экспортқа бағдарланған электромобиль өндірісін одан әрі дамыту мәселесін пысықтауды тапсырамын.

Тұтастай алғанда, Қазақстанның өз Инвестициялық стратегиясы болуға тиіс. Үкімет оны биылғы 1 қыркүйекке дейін әзірлеуі керек.

Халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілету қажет. Бұл, ең алдымен, ЕАЭО, ШЫҰ ішінде Жібек жолы Экономикалық белдеуімен ұштасатын жұмыстарға қатысты. Ол үшін экономикалық дипломатия жұмысын қайта құрып, жандандыра түсу қажет.

Үшінші. Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс.

Әлемдік сұраныс бәсеңдеп кеткен кезде жаңа нарықтарға шығып, өнім жеткізу аумағын кеңейту керек. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейтуге баса назар аударылуға тиіс. Геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керек.

Бұл салаларды одан әрі дамыту ісі шикізатты кешенді түрде қайта өңдеуді тереңдете түсумен берік ұштастырылуы тиіс.

Жыл соңына дейін Жер қойнауы туралы жаңа кодексті қабылдап, салық заңнамаларына қажетті өзгерістер енгізуді тапсырамын.

*****

Төртінші. Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек.

Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор.

Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі бола аламыз. Бұл, әсіресе, экологиялық таза тағамдарға қатысты. «Made in Kazakhstan» бренді сондай өнімдердің эталоны болуға тиіс.

Сонымен қатар, астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек. Шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажет. Тек сонда ғана біз халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті бола аламыз.

Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет пен әкімдерге мынадай тапсырмалар беремін:

біріншіден, субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастырып, біртіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажет;

екіншіден, бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға мүмкіндік беретін жағдай жасау керек;

үшіншіден, өнімнің өңдеу сапасын жақсартып, тауарларды сақтаудың, тасымалдаудың және өткізудің тиімді жүйесін құру қажет;

төртіншіден, еңбек өнімділігін белсенді түрде арттырып, өндіріс шығындарын төмендету керек;

бесіншіден, жерді пайдалану тиімділігін арттыруға тиіспіз. Суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40%-ға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет;

алтыншыдан, өндірісте сұранысқа ие аграрлық ғылыми зерттеулерге салынатын инвестиция көлемін арттыру керек.

Ауыл шаруашылығын әртараптандырып, 2021 жылға қарай азық-түлік тауары экспортын 40%-ға көбейтуді тапсырамын.

Бұл міндеттер агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуы қажет.

*****

Бесінші. Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту — маңызды басымдықтардың бірі.

Оған қазірдің өзінде қомақты инвестиция жұмсалды. Енді одан экономикалық қайтарым ала бастау қажет.

Үкіметке 2020 жылға қарай транзиттік тасымалдың жылдық көлемін:

  • контейнерлермен тасымалданатын жүктер үшін 7 есе — 2 миллион контейнерге дейін;
  • жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдауды 4 есе —1,6 миллион транзиттік жолаушыға дейін арттыруды тапсырамын.

Транзиттік тасымалдаудан түсетін табысты 5,5 есе — жылына 4 миллиард долларға дейін көбейту қажет.

2015 жылы мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасын ұсындым. Өткен 2 жыл ішінде бағдарлама өзін толық ақтады.

Биыл республикалық маңызы бар 4400 шақырым автожол құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жыл соңына дейін соның кем дегенде 600 шақырымы пайдалануға беріліп, кезең-кезеңімен ақылы жүйе енгізіледі.

Еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Жүктердің еркін транзитін, көлік дәліздерін құру мен оларды жаңғырту ісін қамтамасыз ету керек. Көлік инфрақұрылымын басқаруға, қызмет көрсету деңгейін арттыруға және әкімшілік кедергілерді жоюға ерекше көңіл аудару қажет.

Транскаспий дәлізі бойынша тасымалдау көлемінің ұлғаюына байланысты Құрық портын салудың екінші кезеңі — автомобиль өткелі құрылысын іске асыруға кірісу қажет.

Алтыншы. Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс.

Жол, тұрғын үй және басқа да инфрақұрылым құрылысына инвестиция сала отырып, біз қалаларымыздың ұзақ жылдарға дейін сыртқы және технологиялық келбетін айқындайтынымызды ұмытпағанымыз жөн. Сондықтан құрылысқа да, құрылыс материалдарын өндіру саласына да жаңа технологияларды енгізу керек. Ол үшін бізде қазір жақсы мүмкіндіктер бар.

Менің тапсырмам бойынша биыл «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы іске асырыла бастайды. Ол аса маңызды міндетті орындауға — алдағы 15 жылда 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған. 

Бағдарламада тұрғын үй нарығын дамытудың кешенді шаралары көрініс тапқан. Соның бірі — «Даму» акционерлік қоғамы арқылы мемлекеттің субсидия беруі есебінен құрылыс салушылар үшін банк несиесін арзандату. Тұрғындар үшін «Қазақстан ипотекалық компаниясы» акционерлік қоғамы арқылы банктер беретін ипотекалық несиені субсидиялау жүзеге асырылады. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» салымшылары үшін әкімдіктердің несиелік тұрғын үй салуы жалғасады. Оған ілгеріде бөлінген қаржы «револьвер» қағидаты бойынша қайта пайдаланылады.

Әкімдіктер халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз арендалық тұрғын үй бөлу ісін дамыта беретін болады. Жаппай тұрғын үй құрылысы үшін әкімдер тиісті жер телімдерін бөлуге тиіс.

Біз қалаларда жеке тұрғын үйлердің бірыңғай сәулет стилінде салынуына мән беретін боламыз. Бұл үшін мемлекет қажетті инфрақұрылым тұрғысынан көмек көрсетеді.

Үкімет әкімдермен бірлесіп, үлкен қалалардың іргелес орналасқан елді мекендермен көлік байланысын дамыту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. 

Үшінші кешенді міндет — еңбек нарығын жаңғырту.

Жаңа технологиялардың енгізілуіне байланысты дәстүрлі салаларда еңбек ресурстары босап қалатын болады. Сонымен бірге, жаңа индустрия құрып, дамыту жұмыспен қамтудың және азаматтардың нақты табысын өсірудің қосымша мүмкіндігі болуға тиіс.

Үкімет пен әкімдерге еңбеккерлердің басқа салаларға басқару аясында ауысуы үшін жағдай жасауды тапсырамын.

Біздің ірі кәсіпорындар әкімдіктермен бірлесе отырып, тиісті жол карталарын әзірлеуі керек. Онда қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, оларды әрі қарай жұмыспен қамту үшін бірлесіп инвестиция салу жайы қарастырылуы қажет. Басы артық жұмыс күші бар өңірлерден басқа жерлерге, сондай-ақ, ауылдардан қалаларға жұмыс күшін ұтымдылықпен тартуға қолдау көрсету керек.

Үкімет жұмыспен қамту орталықтарын реформалап, барлық бос жұмыс орындары мен бүкіл елді мекендерде бірыңғай онлайн платформа қалыптастыруы қажет.

Екінші басымдық — бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту.

Біздің стратегиялық мақсатымыздың бірі — елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50% болуын қамтамасыз ету.

Бұл — өте өршіл мақсат, бірақ оған қол жеткізуге болады. Оны орындау үшін қазіргі кезеңде мынадай қадамдар жасалуы қажет.

Бірінші. Менің тапсырмам бойынша Үкімет биылдан бастап Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кірісіп кетті.

Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады.

Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек. Бұл шараларды бизнес жүргізу және қаржылық сауаттылыққа үйрету ісін ұйымдастырумен қатар атқару керек.

Жаппай кәсіпкерлікті қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіру керек. Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті, соның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту бағытында кешенді шаралар ұсынуға тиіс.

Жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны — бұрынғыша Үкімет пен әкімдер қызметінің тиімділігін бағалаудың негізгі критерийінің бірі болмақ.

Екінші. Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен (ҰКП) бірлесіп, бизнестің барлық шығынын жаппай азайту жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Бұл әсіресе энергетика, көлік және логистика, сондай-ақ, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы қызмет көрсету құнына қатысты.

Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек.

Сондай-ақ, бизнестің қазіргі қолданыстағы реттеушілік жүктемесі өсімнің жаңа моделін жасау міндетімен үйлеспейді. 

Үкімет пен әкімдерге биылғы 1 шілдеге дейін бизнесті қайта реттеу жөніндегі жүйелі шаралар әзірлеу міндетін жүктеймін.

Дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу керек.

Бұл жұмысты әсіресе өңірлік деңгейде атқару маңызды.

Әкімдер Үкіметпен бірлесіп, Дүниежүзілік банк рейтингі негізінде өңірлерде бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту жөнінде нақты жоспарлар әзірлеу керек.

Елімізде бизнес жүргізуді жеңілдету жөнінен өңірлер мен қалалар рейтингін енгізу қажет. Біз үздіктер үшін арнаулы сыйлық тағайындаймыз. Оны жылына бір рет, Индустрияландыру күнінде табыс етеміз.

Үшінші. Мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 15%-ына дейін, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) елдері деңгейіне дейін төмендету экономикалық өсімге тың серпін беруге тиіс.

Бұдан бұрын 2020 жылға дейін жекешелендірілетін 800-ге жуық кәсіпорынды қамтитын тізбе жасалған болатын. Тиісті жұмыстар атқарылуда.

Үкіметке сол тізбедегі кәсіпорындарды жекешелендіруді тездетіп, оны 2018 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.

Ірі компанияларымызды ІРО-ға дайындау және оған бейімдеу ісін де жеделдету керек. Yellow Pages қағидаттарын енгізу мемлекет үшін экономикадағы қызмет түрлерін 47%-ға (652-ден 346-ға) қысқартуға мүмкіндік берді.

Келесі кезеңде осы қағидаттарға сай келмейтін мемлекет меншігіндегі барлық кәсіпорындар мен ұйымдарды 2020 жылға дейін жеке секторға беру немесе жою қажет. Ал ондай кәсіпорындар саны бірнеше мың болады.

Әрбір бағдарлама немесе тапсырмаға орай заңды тұлғалар құру тәжірибесі бұдан былай тоқтатылуға тиіс.

Жекешелендірудің жариялылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ мемлекеттік холдингтер рөлін қайта қарастыру керек.

Үкіметке «Самұрық-Қазына» холдингін сапалы түрде трансформациялау ісін жүзеге асыруды тапсырамын.

Басқарушылық және өндірістік бизнес үдерістерін толық ревизия мен оңтайландырудан өткізу қажет. Нәтижесінде ол тиімділігі жоғары, жинақы және кәсіби холдингке айналуға тиіс. Менеджмент пен корпоративті басқару сапасын халықаралық деңгейге жеткізу керек.

Мемлекетке қандай маңызды секторларда, қатысу үлесінің қандай мөлшерімен және не қалдыратынымызды нақты анықтап алуымыз керек.

Табиғи монополияларды және стратегиялық маңызы бар, соның ішінде Трансұлттық компаниялар қатысатын жобаларды іске асыру міндетін мемлекетке қалдыру керек. Бұл жобалар мультипликативті нәтиже беруге тиіс.

«Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін де қайта құру қажет. Олар мемлекеттік даму бағдарламаларын іске асыру жөніндегі операторлар болуға тиіс. Соған орай олардың функцияларын оңтайландыру керек. Жеке сектор жүзеге асыра алатын нәрсенің барлығы бизнеске берілуі қажет.

Сондай-ақ, оларға бағдарламаларды іске асыру үшін мемлекеттік емес қаржы көздері арқылы қор қалыптастырумен айналысу керек.

Төртінші. Кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясын кеңейту зор мүмкіндік береді. Бұл жерде әңгіме бірқатар мемлекеттік қызметтер көрсету міндетін бизнеске беру ісіне қатысты болып отыр.

Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар. Өткен 3 жылда мемлекет 40 мың орынға арналған 189 балабақша салса, жекеменшік сектор 100 мың орынға арналған 1300 балабақша ашты. Жекеменшік балабақшалардың ең көбі Оңтүстік Қазақстан (397), Алматы (221), Қызылорда (181) облыстарында ашылды.

Мен үшін осы сектордағы мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі өте маңызды. Бұл аса маңызды жалпыұлттық міндеттердің бірі — 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешіп отырғанын көрсетеді.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту әкімдердің нақты және кәсіби жұмысына байланысты.

Жекеменшік капитал тарту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің ықтимал барлық түрі мен нысанын пайдалану қажет. Олар — мемлекеттік мүлікті сенімді басқару, қызмет көрсету келісімшарттары, тағы басқалар. Бұл ретте келісімнің барлық рәсімдерін, әсіресе шағын жобаларға қатысты рәсімдерді мейлінше жеңілдету және жеделдету қажет.

Мемлекет-жекеменшік серіктестігі инфрақұрылымды, соның ішінде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытудың негізгі тетігіне айналуға тиіс.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын жаңғырту үшін бұдан әрі жекешелендіру мүмкіндігін қарастыра отырып, басқаруға және концессияға беру қажет. Үкімет бір орынды шиырлай беруді доғарсын. Бұл бағытта жұмысты жандандыра түсу керек.

Бесінші. Баға мен тариф бойынша ымыраласуға жол бермеу қажет.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, бәсекелестікке кедергі келтіретін нормаларды анықтауға қатысты барлық заңнамаға «ревизия» жасауды тапсырамын.

Үшінші басымдық — макроэкономикалық тұрақтылық.

Мұндағы басты міндет — ақша-несие саясатының ынталандырушы рөлін қалыпқа келтіру және экономиканы қаржыландыруға жекеменшік капитал тарту.

Бірінші. Бүгінде Ұлттық банк алдында инфляциялық таргеттеу режімін дамыту жөніндегі маңызды міндет тұр. Орта мерзім ішінде инфляция деңгейін кезең-кезеңмен 3-4%-ға дейін төмендетуге қол жеткізуіміз керек.

Екінші. Еліміздің қаржы секторын «қайта жаңғырту» қажет.

Ұлттық банкке банк секторын қалыпқа келтіру жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Банктердің балансын тиімсіз несиелерден арылту жұмысын жеделдетіп, қажет болған жағдайда олардың капиталын акционерлер тарапынан арттыруды қамтамасыз ету керек. Банктердің ахуалына жедел бақылау орнату үшін Ұлттық банкке көбірек құқық берген жөн. Ұлттық банк банктердің қателік жіберуін күтпей, оларға ықпал ететін шаралар қабылдау үшін формальді көзқарастан ықтимал қатерлерге жол бермейтін қадамдарға көшуге тиіс.

Сондай-ақ, аудиторлық компаниялардың жауапкершілігін арттырып, акционерлердің ашықтығын қамтамасыз ету, ұжымдық басқаруды жақсарту қажет. Осының бәрін заңнамалық деңгейде бекіту керек.

Экономикадағы қаражат жетіспеушілігі және несиелер бойынша жоғары мөлшерлеме түйткілдерін шешу мақсатымен Ұлттық банк пен Үкіметке теңге түрінде қолжетімді орта және ұзақ мерзімге арналған қор қалыптастыруды қамтамасыз ету жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырамын.

Ұлттық банк инфляция ғана емес, сонымен қатар Үкіметпен бірге экономиканың өсуі үшін де жауапты болуға тиіс.

Үшінші. Қор нарығын одан әрі дамыту.

Жекешелендіру оның дамуына серпін беруге тиіс. Мен жоғарыда айтып өткендей, қор нарығына «Самұрық-Қазына» қоры компанияларының акцияларын орналастыру керек. Халықтың жинаған өз қаражатын ең алдымен түрлі бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін одан әрі арттыру қажет.

Біз 2016 жылдың соңында заңдастыру науқанын аяқтадық. Оған еліміздің 140 мыңнан астам азаматы қатысты. Нәтижесінде 5,7 триллион теңге, оның ішінде қаражат түрінде 4,1 триллион теңге заңдастырылды.

Үкіметтің міндеті — бұл қаражаттың экономикаға, соның ішінде жекешелендіруге қатысу арқылы пайда беруін қамтамасыз ету. Сонымен бірге, Қазақстанның жекеменшік кәсіпорындарының облигация шығарылымдарын субсидиялау мәселесін пысықтау қажет.

Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, отандық қор нарығын жандандыруға бағытталған шаралар қабылдауды тапсырамын.

Келесі шешуші міндет — салық-бюджет саясатын жаңа экономикалық жағдайға бейімдеу.

Бірінші. Бюджет шығыстарының тиімділігін түбегейлі арттыру қажет.

Біз 2017 жылы мемлекеттік даму бағдарламаларын қажетті ресурстармен толықтай қамтамасыз еттік. Министрліктер мен ведомстволардың қаражатты игеруінің тиімділігін тексеру қажет.

Республикалық бюджеттің 40%-дан астамын құрайтын Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінен бастау керек. Оның қорытындысы бойынша маған баяндалсын.

Тиімсіз бағдарламалардың қаражатын Үшінші жаңғырту міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ететін бағдарламаларға қайта бөлу қажет. Сондай-ақ, қаражатты нақты экономикаға неғұрлым тезірек әрі тиімдірек жеткізу үшін бюджеттік рәсімдерді жеңілдеткен жөн.

Біз фискалдық орталықсыздандыру саясатын жалғастыруымыз керек. Өткен жылдарда орталықтан жергілікті жерлерге көптеген функциялар мен өкілеттіктер берілді. Енді олардың жеткілікті қаржылық дербестігін бекемдей түсу қажет. Сонымен бірге, қаржы шығысы жөніндегі өкілеттіктердің облыстық деңгейде шоғырлануына жол бермеу маңызды. Оларды әрі қарай аудандық және ауылдық жерлерге беру керек. Әкімдер өңірлік және жергілікті маңызы бар мәселерді шешуге тиіс, ал Үкімет жалпымемлекеттік мәселелерге ден қоюы қажет.

Екінші. Ұлттық қор қаражатын пайдалануға ұтымдылық тұрғысынан қараған жөн.

Ұлттық қордан алынған кепілдендірілген трансферт көлемі 2020 жылға қарай кезең-кезең бойынша 2 триллион теңгеге қысқартылуға тиіс.

Салық саясатын бизнестің «көлеңкеден» шығуына бейімдеп, шикізаттық емес сектордағы салықтық базаны кеңейтуге бағыттау керек. Қазіргі салық жеңілдіктерін оңтайландыру қажет. Жалпыға ортақ декларациялау қарсаңында арнаулы салық режімін жаңаша қарастыру керек.

Салықтық әкімшілендіру тетіктері жетілдіруді талап етеді. Ең алдымен, мұның қосымша құн салығын жинауға қатысы бар.

Үшінші. Үкімет квазимемлекеттік сектордың сыртқы және ішкі қарыздарына мониторинг жүргізу мен бақылау жасау жүйесін қалыптастырып, онда тәртіп орнату керек.

*****

Төртінші басымдық — адами капитал сапасын жақсарту.

Бірінші. Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз — білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.

Сонымен бірге, IT-білімді, қаржылық сауаттылықты қалыптастыруға, ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек. Қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру сапасының алшақтығын азайту қажет.

Үкіметке тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Атап айтқанда, үш тілді оқуға кезең-кезеңмен көшу мәселесі бойынша ұсыныстар әзірленсін.

Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі — жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды.

2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқытатын боламыз. Бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажет.

Мектептердің және мұғалімдердің деңгейі, әсіресе ауыл мен қалада әртүрлі. Білікті педагогтардың жетіспеу проблемасы да бар. Сондықтан, осының барлығын ескеріп, ағылшын тілін кезең-кезеңмен енгізуіміз керек.

Тиісті ұсыныстар беруді тапсырамын.

Менің бастамам бойынша биыл «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады.

Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде, мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек.

Ол үшін кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет.

Сонымен қатар, жоғары білім беру жүйесі сапасына ерекше назар аударылады. Жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейіне, білім беру бағдарламаларына қатысты бақылау мен талап күшейтілуі қажет.

*****

Екінші. Білім беру жүйесімен қатар денсаулық сақтау жүйесі де өзгеруге тиіс.

Биылғы 1 шілдеден мемлекеттің, жұмыс берушілердің, азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті медициналық сақтандыру жүйесі (ММСЖ) енгізіле бастайды. Бұл жүйенің тиімділігі әлемдік тәжірибе арқылы дәлелденген.

Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушыларға кең ауқымдағы медициналық қызметтер ұсынылады. Оған халықтың әлеуметтік әлсіз топтарының қатысуына мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Үкімет қажетті деңгейде денсаулық сақтау саласын ақпараттандыруы керек. Бәсекелестікті дамыту үшін жеке меншіктегі медицина мекемелеріне ММСЖ жүйесі аясында тең жағдай туғызу керек.

Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын.

Сондай-ақ, заңнамалық тұрғыдан барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуді енгізу қажет.

Үшінші. Әлеуметтік қамтамасыз ету саласына қатысты.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап 2,1 миллион зейнеткер үшін зейнетақы 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттырылады.

Бұдан бөлек, базалық зейнетақы тағайындау 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа әдістеме бойынша жүзеге асырылады. Оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді.

Осы өсімнің барлығы 2018 жылы базалық зейнетақының жаңа мөлшерін 2017 жылмен салыстырғанда 1,8 есе арттыруға мүмкіндік береді.

Елімізде жыл сайын 400 мыңға жуық бала туады, бұл — 1999 жылғы деңгейден 2 есе дерлік жоғары. Мұндай жақсы үрдісті алдағы уақытта да сақтау керек.

Менің тапсырмам бойынша 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20%-ға өсіріледі.

Ең төменгі күнкөріс шегін де қайта қарастыру керек. Ол қазақстандықтардың нақты тұтынушылық шығыстарына сәйкес келуге тиіс. Бұл қадам 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы, мүгедектерге және асыраушысынан айрылған отбасыларға арналған жәрдемақы, мүгедек бала тәрбиелеп отырғандарға берілетін атаулы көмек пен жәрдемақы көлемін 3 миллион адам үшін өсіруге мүмкіндік береді.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету шегін ең төменгі күнкөріс шегінің 40%-ынан 50%-ға дейін өсіріп, оның жаңа форматын енгізу керек. Бұл ретте жұмыс істеуге қабілетті адамның бәрі тек жұмыспен қамту бағдарламасына қатысу шарты арқылы ғана қолдауға ие болуға тиіс.

Бесінші басымдық — институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты.

Бірінші. Үкімет үшінші жаңғырту аясында ЭЫДҰ-ның озық тәжірибелері мен ұсынымдарын имплементациялау жұмысын қамтамасыз етуге тиіс.

Екінші. Біз жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігіне және баршаның заң алдында теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған реформалар жүргізудеміз. Бұл жұмысты жалғастыру керек.

Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен және азаматтық қоғамдастықпен бірлесіп, жеке меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты бүкіл заңнама ревизиясын жүргізуді тапсырамын.

Сонымен қатар, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендірген жөн. Әкімшілік айыппұлдар әділетті және құқық бұзу деңгейіне сәйкес болуға тиіс.

Кәсіпкерлік саласында құқық бұзғаны үшін салынатын санкцияны төмендету жұмысын одан әрі жүргізе беру керек. Қоғамға қауіптілігі жоғары емес экономикалық қылмыс құрамын криминалдық сипаттан арылту керек.

Сот жүйесіне деген сенімнің артуына қол жеткізу қажет. Судьялардың жұмысына заңнан тыс кез келген ықпалды жою маңызды.

Үшінші. Қауіпсіздік ахуалы қуатты және әрекет ете алатын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді.

Қазіргі заманда адамзат терроризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады.

Діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, әсіресе интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмысын жүргізу керек. Қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас саласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке «мүлде төзбеушілікті» қалыптастыру керек.

Бас бостандығынан айыру орындарында сотталғандарды теологиялық тұрғыдан сауаттандыру қызметтерінің мақсатты жұмысы ұйымдастырылуға тиіс. Өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік рухында тәрбиелеу үшін қосымша қадамдар жасау керек.

Бұл іске мемлекеттік емес секторды және діни бірлестіктерді белсенді түрде тарту қажет.

Осы шараның бәрі менің тапсырмам бойынша әзірленіп жатқан, 2017-2020 жылдарға арналған Діни экстремизм мен терроризмге қарсы әрекет жөніндегі мемлекеттік бағдарламада ескерілуге тиіс.

Киберқылмыспен күрестің өзектілігі барған сайын арта түсуде.

Үкімет пен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне «Қазақстан киберқалқаны» жүйесін қалыптастыру шараларын қабылдауды тапсырамын.

Төртінші. Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр.

Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет.

Маңызды мәселенің бірі — сатып алу саласын жетілдіру.

Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын.

Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс.

Құрметті қазақстандықтар!

Осы Жолдау арқылы еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөніндегі өз көзқарасымды жеткізгім келді.

Үкіметке «Қазақстанның ұлттық технологиялық бастамасы» деп аталатын Елді үшінші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді тапсырамын.

Бізде уақыт талабын лайықты қабыл алып, елімізді одан әрі жаңғырту жөніндегі міндеттерді орындаудан басқа жол жоқ.

Біздің ұлы халқымыз бірегей тарихи мүмкіндікті толықтай пайдалана алатынына сенемін.

Қымбатты достар!

Қазақстан — жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр.

Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз — бірлікте.

Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 11 қараша.

Нұрлы жол - болашаққа бастар жол

Құрметті қазақстандықтар!


Бүгінде бүкіл әлем жаңа сындармен және қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Әлемдік экономика әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға қойған жоқ. Қалпына келу өте баяу және сенімсіз қадамдармен жүруде, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда. Геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатуда.

Мен өзімнің тәжірибемнен алдын ала сезіп отырғанымдай, таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады. Әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді. Барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайды. Бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болады. Қазақстан, әлемдік экономиканың бір бөлшегі және геосаяси қысымның эпицентріне тікелей жақын орналасқан ел ретінде, барлық осы үдерістердің теріс ықпалына тап келеді. Нәтижесінде не болып жатқанын біз көріп отырмыз: әлемдік нарықтарда баға құлдырауда және, тұтастай алғанда, экономикалық өсім баяулауда.

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тарапынан 2014 және одан кейінгі екі жылда әлемдік экономиканың дамуында болжам төмендеу жағына қарай қайта қаралғаны белгілі. Сондықтан кейбір позицияларды жедел түрде қайта қарап, сондай-ақ, алдағы кезеңдердің жоспарларына түзетулер енгізу қажет. Бізде ырғалып-жырғалуға уақыт жоқ. Бүгін айтылатын шараларды 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асыру керек. Біз теріс үрдістердің алдын алу үшін барлық ықтимал шараларды жедел қабылдауға тиіспіз.

Бүгін менің тапсырмам бойынша Үкімет белсенді жұмысқа кірісіп кетті. Біз 2015 жылға арналған республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қарадық. Бұл дұрыс, өйткені, біздің экспорттық шикізат ресурстарына бағаның құлдырауы бюджеттің кіріс бөлігіне қаржы түсуін төмендетуге алып келуде. Бірақ, соған қарамастан, Үкімет алдына оңай емес, алайда, нақты міндет - барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемінде қамтамасыз ету міндеті қойылып отыр.

Дағдарыс жағдайларында, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, экономикалық саясатты қайта бағдарлаулар жүріп жатыр. Қолдауды экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуда аса үлкен мультипликативті тиімділік беретін салалар алуы тиіс. Мұндай тәжірибе бізде бұған дейін болған. Біздің 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы табысты шараларымызды еске алсақ та жеткілікті. Көріп отырғандарыңыздай, өмір біздің жоспарларымызға түзетулер енгізуде. Және біз партияның тұғырнамасын бүгінгі күн шындығы тұрғысынан қарай отырып жаңа мазмұнмен толықтыруға тиіспіз.

Менің тапсырмам бойынша Үкімет дамудың жаңа ауқымды бағдарламасын жасауды аяқтады. Бүгінде, алдымызда тұрған сын-қатерлерге жауап бере отырып, мен Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты туралы жариялаймын. Мен 2015 жылға арналған халыққа жаңа Жолдауымды осыған арнаймын. Ол контрциклды сипатқа ие болады және біздің экономикамыздағы құрылымдық реформаларды жалғастыруға бағытталады. Бұл нені білдіреді?

Сыртқы нарықтардағы жағдай оңтайлылығымен ерекшеленіп, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары біз шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттап келдік. Ұлттық қордың негізгі міндеттерінің бірі біздің экономикамыздың сыртқы естен тандырулар алдындағы орнықтылығын, оның ішінде, табиғи ресурстарға баға төмендеген жағдайда да, жоғарылату болып табылады.

Осы жылдардың бәрінде шикізат өндіру мен одан түскен табыстарды біз осы Қорға салып келдік. 10 миллиард долларды біз 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы күреске бағыттадық. Қалған ақшаны ішіп-жеп және жұмсап қойған жоқпыз, сақтадық және көбейттік. Қазір біз осы резервтерді пайдалануға тиіс болатын кезең туындап келеді. Бұл қаржы қиын уақыттарды еңсеріп, экономикамыздың өсімін ынталандыруға көмектесетін болады. Бұл ресурстар қысқа мерзімдік шараларға арналмаған. Олар экономиканы әрі қарай қайта құрылымдауға бағытталатын болады. Нақты айтқанда, көліктік, энергетикалық, индустриялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталады.

Ақпан айында Ұлттық қордан экономикалық өсім мен жұмыспен қамтуды қолдау үшін 2014-2015 жылдарға 500 миллиард теңгеден екі транш бойынша 1 триллион теңге бөлу туралы шешім қабылданған болатын. Басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын мына мақсаттарға бағыттауды тапсырамын.

Бірінші. Шағын және орта бизнесті, сондай-ақ, ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу қажет. Бұл тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.

Екінші. Банк секторын сауықтыру және «жаман» несиелерді сатып алу үшін 2015 жылы Проблемалы несиелер қорын қосымша 250 миллиард теңге көлемінде капиталдандыруды қамтамасыз етуді тапсырамын.

Үшінші. Жаңа инвестициялар тарту үшін тиісті жағдайларды жақсарту қажет. Осы мақсатта 2015 жылы «құрғақ порттың» бірінші кешені құрылысын аяқтауға, «Қорғас-Шығыс қақпасы» және Атырау мен Тараздағы «Ұлттық индустриялық мұнай химиясы  технопаркі» арнайы экономикалық аймақтары инфрақұрылымдарына 81 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын.

Төртінші. Бұған дейін бөлінген 25 миллиардқа ЭКСПО-2017 кешені құрылысын жалғастыруды несиелеу үшін 2015 жылы қосымша 40 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.   

Бесінші. ЭКСПО-2017 қарсаңында бізге Астананың көліктік инфрақұрылымын дамыту туралы ойластыру қажет. Астана аэропорты осы жылдың өзінде-ақ өзінің максималды өткізу қабілеті - 3,5 миллион адамға жетеді. Сондықтан оның әлеуетін ұлғайту үшін 2015 жылы жаңа терминал құрылысы мен ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту үшін 29 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл өткізу қабілетін 2017 жылға қарай жылына 7,1 миллион жолаушыға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Құрметті қазақстандықтар!

Экономиканы дамытуда жаңа сыртқы тәуекелдерді есепке ала отырып, бізге іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды ынталандыру үшін жаңа бастамалар қажет. Жаңа Экономикалық Саясаттың Тұғыры мен бүгін жариялағалы отырған Инфрақұрылымдық дамудың жоспары болады. Ол 5 жылға есептелген және қатысуға 100-ден астам шетелдік компаниялар ниет білдіріп отырған ҮИИДБ-ны жүзеге асырудың Екінші бесжылдығына сәйкес келеді. Жалпы инвестициялық портфель 6 триллион теңгені құрайды, мемлекеттің үлесі - 15 пайыз.

***

Қазақстан - ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр аумақтың иeci. Сондықтан, аталған жоспар орасан қаражат пен еңбекті, аса ауқымды жұмысты қажет етеді. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағида қалыптасқан. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. Көне замандарда ірі қалаларымыздың көбі Ұлы Жібек жолын жағалай қоныс тепкен.

Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Жол - шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс. Аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттырады. Облыстардың бip-бipiмeн сауда-саттығын, экономикалық байланыстарын нығайтады. Ел ішінен тың нарықтар ашады. Осылай, алысты жақын ету - бүгінгі Жолдаудың ең басты түйіні болмақ.

  ***

Бірінші. Көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Ол макроөңірлерді хабтар қағидаты бойынша қалыптастыру аясында жүзеге асырылатын болады. Оның үстіне, инфрақұрылымдық қаңқа Астанамен және макроөңірлерді магистаралды автомобиль, теміржол және әуе жолдарымен  шұғыла қағидаты бойынша өзара байланыстырады. Бірінші кезекте, негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру қажет. Бұлар Батыс Қытай - Батыс Еуропа; Астана - Алматы; Астана - Өскемен; Астана - Ақтөбе - Атырау; Алматы - Өскемен; Қарағанды - Жезқазған - Қызылорда; Атырау - Астрахань.

Сондай-ақ, елдің шығысында логистикалық хаб және батысында теңіз инфрақұрылымын құруды жалғастыру қажет. Батыс бағытта Каспий порты арқылы экспорттық әлеуетті арттыруға Құрық портынан ауқымды паромдық өткелі және Боржақты - Ерсай теміржол желісі ықпал ететін болады. Үкіметке Қытайдың, Иранның, Ресей мен ЕО елдерінің «құрғақ» және теңіз порттарында терминалдық қуаттар салу немесе жалға алу мәселесін ойластыруды тапсырамын.

Екінші. Индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту. Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады.

Осыған байланысты, біріншіден, жұмыс істеп тұрған арнайы экономикалық аймақтарда инфрақұрылымдар қалыптастыру жұмыстарын аяқтау керек. Үкіметке және әкімдерге оларды нақты жобалармен толықтыру бойынша жедел шаралар алу қажет. Екіншіден, өңірлерде ШОБ өндірісін дамыту мен қосымша инвестициялар тартуға бағытталған жаңа индустриялық аймақтар салу мәселесін ойластырған жөн. Туризм үшін инфрақұрылым - жеке бағыт. Оның басты басымдығы жұмыс орындары санын көптеп құру мүмкіндігі болып табылады. Мұнда бір жұмыс орнын құру өнеркәсіпке қарағанда 10 есе арзанға түседі.

Үшінші. Энергетикалық инфрақұрылымдарды дамыту. Өткен 5 жылда энергетикада индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде үлкен жұмыстар жүргізілді. Соған қарамастан, магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының, орталық және шығыс облыстарында табиғи газдың тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. «Екібастұз - Семей - Өскемен» және «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу қажет. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді.

Төртінші. ТКШ мен су және жылумен қамтамасыз ету желілері инфрақұрылымдарын жаңғырту. Инвестицияларға жалпы қажеттілік қаржыландырудың барлық көздерінен 2020 жылға дейін жыл сайын ең азы 200 миллиард теңге бөлгенде кем дегенде 2 триллион теңгені құрайды.

Бүгін ТКШ-ны жаңғыртуға инвестициялар салуға Еуропа Қайта құру және даму банкі, Азия даму банкі, Ислам даму банкі, сондай-ақ, жеке инвесторлар үлкен қызығушылық танытып отыр. Ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер ұсыну арқылы олардың барынша тартылуын қамтамасыз ету қажет. Тарифтердің айтарлықтай ұлғаюына жол бермеу үшін ондай жобаларды мемлекет қосымша қаржыландыруы керек. Осыған байланысты жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдету үшін бюджетте қарастырылған қаржыға қосымша жыл сайын 100 миллиард теңге бағыттау ұтымды болмақ.  

Бесінші. Тұрғын үй инфрақұрылымдарын нығайту. Агломерациялар қалыптастыру айтарлықтай тұрғындар ағынымен қатарласа жүреді. Бұл еңбек нарығы мен қалалардың инфрақұрылымына, соның ішінде, тұрғын үй қорына қысым туғызады. Сондықтан жалға берілетін тұрғын үй құрылысына көзқарасты қайта қараған жөн. Мемлекет әлеуметтік жалдамалы баспананы салып, оны тұрғындарға сатып алу құқын бере отырып, ұзақ мерзімді жалға ұсынады. Баспананы тікелей, делдалдарсыз және несиеге барынша төмен пайызбен ұсыну оның сатып алу құнын арзандатуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарнаның болмауы мен ипотека үшін төмен пайыздар баспананы қазақстандықтардың көптеген жіктері үшін қолжетімді ете түседі. Сондықтан 2015-2016 жылдар ішінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын қаржыландыруды қосымша 180 миллиард теңге сомасында ұлғайтамыз.

Алтыншы. Әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту. Бірінші кезекте, бұл - апатты мектептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу. Бұл - біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі индикаторларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі - басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс.

Индустрияландыру бағдарламалары шеңберінде базаларында ғылымның экономика салаларымен және мамандар дайындаумен байланысы қамтамасыз етілетін 10 ЖОО анықталды. Осы мақсаттарға 2017 жылға дейін 10 миллиард теңге бағыттай отырып, осы жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыруды тапсырамын.

Жетінші. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыру қажет. Бүгінде Ұлттық қордан ШОБ-ты қолдауға және несиелеуге бағытталған 100 миллиард теңге толықтай игерілді. Бұл 4,5 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл қаржыға сұраныс ұсыныстан 23 миллиард теңгеге асып түсті. Бизнесті 10 жылға бар-жоғы 6 пайызбен несиелеудің бұрын-соңды болмаған шарты жасалды. Мұндай шарттар біздің елімізде бұған дейін болған емес. ШОБ-ты экономикалық өсімнің драйвері ретінде дамыту және оның үлесін 2050 жылға қарай ІЖӨ-нің 50 пайызына ұлғайту бойынша жұмысты жалғастырған жөн. Сондықтан шағын және орта бизнес үшін 2015-2017 жылдары жалпы сомасы 155 миллиард теңге несие желілерін АДБ, ЕҚДБ, Дүниежүзілік банк есебінен тиімді пайдалану қажет. 

Құрметті қазақстандықтар!

Әлемдік экономикадағы ахуал мынадай дағдарысты жағдайларда алға қойған мақсаттарға қосымша қаржы ресурстарынсыз қол жеткізу айтарлықтай күрделі.

Кезінде Ұлттық қордың не үшін құрылғанын қаперлеріңізге салғым келеді. Оның басты міндеті - тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету және экономиканы сыртқы қолайсыз жағдайлардан қорғау. Дәл қазір біздің осы қорымызды қажетке жарататын кез келді. Қазақстан өзге елдердің қателіктерін қайталамай, экономикалық өсім үшін ішкі қорын барынша тиімді пайдалануы тиіс.

Мен Ұлттық қордан 2015-тен 2017 жылға дейінгі кезеңге жыл сайын қосымша 3 миллиард долларға дейін бөлу жөнінде шешім қабылдадым. Үкіметке бір апта мерзімде Ұлттық қордан қаржы бөлу үшін тиісті шешім дайындауды және 2015 жылға арналған республикалық бюджет жобасында қажетті қаржыларды ескеруді тапсырамын. Сондай-ақ, Үкімет қажетті шаралар қабылдап, осы қаржылардың тиімді әрі оңтайлы пайдаланылуын қамтамасыз етуі керек.

Мен құрған комиссия қаржының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалап, жеке өзіме баяндап отыратын болады. Әр теңге үшін қатаң сұрау болмақ. Барлық әкімдерге айрықша жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» осы жұмысқа белсенді араласып, барлық деңгейлерде қатаң партиялық бақылау орнатуы тиіс.

Ұлттық қор инвестициялары экономиканың тиісті салаларында міндетті құрылымдық реформалар жүргізумен қоса-қабат жүруі тиіс. Ол үшін жобаларды халықаралық қаржы ұйымдарымен бірлесіп жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Мәселен, Дүниежүзілік банк, Азия даму банкі, ЕҚДБ және ИДБ қазірдің өзінде 90 басымдықты жобаға 9 миллиард доллар шамасында бөлуге дайын. Қаржыларды бөлу инвестициялық белсенділікті қолдауға, халықтың табыстары деңгейі төмендеуінің алдын алуға және жаңа жұмыс орындарын ашуды ынталандыруға бағытталған. Нәтижесінде қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективада экономиканың тұрақты өсуі қамтамасыз етіледі.

Біздің білім беруді, денсаулық сақтауды, ауыл шаруашылығын дамыту бағдарламаларымыз жалғаса береді. Бұл туралы алдағы жылы Үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысында нақты әңгіме қозғайтын боламыз. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат - әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына бару жолындағы біздің ауқымды қадамымыз.

Бүгінде табысты жұмыс істеу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Әкімшілік реформа жүргізілді, Үкімет пен атқарушы биліктің жаңа құрылымы жұмыс істеуде. Әр министр не істеу керек екенін біледі. Біз басқарудағы қосарланушылық пен қажет емес буындарды жойдық. Әкімдер өкілеттіліктің қажетті деңгейіне ие болды. Өңірлерде бәрі бар - бағдарламалар, ресурстар, қаржы құралдары. Әркім өз жұмыс учаскесі үшін жауап береді. Тек білекті сыбанып, іске кірісу қажет.

«Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясат біздің экономикамыздың таяу жылдардағы өсімінің драйвері болады. Тек жол құрылысы арқылы ғана жаңадан 200 мың жұмыс орны құрылады. Ал бұл халықтың жұмыспен қамтылуын және табыстарының өсуін білдіреді. «Нұрлы Жол» цемент, металл, техника, битум, жабдықтар өндіру мен соған сәйкес қызметтер сияқты экономиканың басқа да салаларына мультипликативті әсер етеді. Жолдар - Қазақстан үшін өмір желісі. Біздің кең байтақ жерімізде жолдар бойында әркезде де өмір пайда болған және дамып отырған. Біз Астанадан барлық жақтарға автомобиль, теміржол және авиациялық магистральдар тарайтындай көлік желісін құруға тиіспіз. Жүректен тарайтын артериялар сияқты. Күннен тарайтын шұғыла сияқты.

Қазақстандықтар салатын жаңа магистральдар біздің экономикамыз бен қоғамымызды жаңартады. Олар біздің еліміздің барлық түкпірлерін орталықпен берік байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдейді және ұлғаяды. Ел арқылы транзит көлемі артады. Біздің азаматтарымыз заманауи және сапалы автомагистральдармен жүріп, кез келген өңірге қауіпсіз және тез жететін болады. Әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады, жаңа және заманауи мектептер мен ауруханалар жоғары сапалы қызметтер көрсетеді. Нәтижесінде ол әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты мен өмір сапасында көрініс табады. Ал ең бастысы - осының бәрі болашақ ұрпақтың байлығы ретінде біздің жерімізде қалады.

Құрметті қазақстандықтар!

Алда үлкен де жауапты жұмыстар тұр. Толысқандықтың жаһандық сынынан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажет. Біз барлық қазақстандықтар арасындағы сенімді нығайтуға тиіспіз! Бір-бірімізге тағатты болуымыз керек! Бұлар - Қазақстанның болашағына кілттер. Этносаралық келісім - ол өміршеңдік оттегі. Біз дем алған кезде оны байқамаймыз, ол өздігінен болады - біз тек өмір сүреміз. Бірлігіміз бен этносаралық келісімді біздің өзіміз сақтауға тиіспіз. Оны біз үшін ешкім ешқашан сырттан келіп жасамайды. Біздің жастарымыз жаңа, тәуелсіз елде өсіп келеді. Бүгінгі буын 90-шы жылдардағы этносаралық соғыстар мен қақтығыстарды, күйреуді көрген жоқ. Сондықтан көпшілігі Қазақстандағы тұрақтылық пен қолайлы өмірді туғаннан солай болуға тиіс сияқты қабылдайды.

Тұрақтылық пен келісім дегеніміз не? Ол отбасылық әл-ауқат, қауіпсіздік, баспана. Бейбітшілік - ол әке мен ана қуанышы, ата-аналар денсаулығы және біздің балаларымыздың бақыты. Бейбітшілік - ол тұрақты жұмыс, жалақы және ертеңгі күнге деген сенім. Бейбітшілік пен тұрақтылық - күн сайынғы еңбекпен қорғап, нығайтуды қажет ететін жалпыхалықтық жетістік. Мен жастар - біздің болашағымыздың тірегі дегенді әркез айтып келемін. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты! «Нұрлы Жол», міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігер жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!

Алдағы жылы біз Конституцияны қабылдаудың және Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылуының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өтеміз. Осы даталарды атап өте отырып, бізге қазақстандықтарды рухани тұрғыда бұрынғыдан да гөрі күштірек, топтасқан және бұрынғыдан да бетер тағатты ету маңызды. Қазақстан, тек алға - біздің осы басты қағидатымыз тарихтың жаңа жауапкершілікті орамында жаңаша үн мен неғұрлым терең мағынаға ие болатынына менің сенімім мол. Баршаларыңызға біздің Отанымызды бұрынғыдан да зор биікке көтеретін жаңа шыңдарға қол жеткізуде табыстар тілеймін!

Қадірлі халқым!

Біз Жалпыұлттық идеямыз - Мәңгілік Елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Қажырлы еңбекті қажет ететін, келешегі кемел Нұрлы Жолда бірлігімізді бекемдеп, аянбай тер төгуіміз керек. Mәңгілік Ел - елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры! Жаңа Қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі - Мәңгілік Ел! Ол - барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы.

Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю - бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, табыстау деген сөз. Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні - осы!

«Мәңгілік Ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты - Мәңгілік Ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді. Жалпыұлттық идеяны өміршең ететін - Елдің бірлігі. Ауызбіршілік қашқан, алауыздық тасқан жерде ешқашан да жалпыұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Қазақстанның шыққан шыңы мен бағындырған биіктерінің ең басты себебі - бірлік, берекесі.

Біз тұрақтылықты бағалай білгеніміздің арқасында бүгінгі табыстарға жеттік. Ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін мансұқтамай, барлық азаматтарға тең мүмкіндік беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келеміз. Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз - Ел бірлігі болуы керек. Осынау жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жастың бойына сіңіре білуге тиіспіз.

2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда.

Ел бірлігі - біздің барша табыстарымыздың кілті. Тұрақты дамудың қазақстандық моделі бүгінде бүкіл әлемге үлгі. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойын және халықаралық ЭКСПO-2017 көрмесін табысты өткізіп, еліміздің әлеуетін әлемге паш етеміз. Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын! Баршаңызға «Нұрлы Жол» Жолдауын жүзеге асыруда табыс тілеймін!

Құрылған күні: 07.04.2015 16:08
Жаңартылған күні: 11.01.2018 11:42
Қаралым саны: 3476

Қаз Рус Eng