Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізді

Ақорда. Қазақстан Президентi ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесiнiң және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестiң отырыстары аясындағы келiссөздердi қорытындылады.

– Алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың жоспары белгiлендi. Елдерiмiздегi цифрландыру мәселесiне қатысты перспективалы бағыттарды айқындадық. Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында осы салада бiрлесе жұмыс жүргiзу жөнiнде уағдаластыққа қол жеткiзiлдi, — дедi Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы келесi жылы Қазақстанда цифрландыру мәселелерi жөнiнде кездесу өткiзу жоспарланғанын айтты.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президентi германиялық бизнесмендермен өткен кездесудiң нәтижелерi туралы әңгiмеледi. Онда Қазақстан-Германия қарым-қатынастарын экономиканың түрлi салалары бойынша iлгерiлету жөнiнде уағдаластыққа қол жеткiзiлдi.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Путинмен болған кездесудiң маңыздылығына тоқталды.

– Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас ең жоғары деңгейде. Байқоңырға қатысты бағдарламаны бiрлесе iске асыру жөнiнде уағдаластық. Сонымен қатар, Өзбекстанға мұнай құбырын салу жоспарланып отыр. Сол үшiн тиiстi жұмыс атқарылуы керек,– дедi Қазақстан Президентi.

Мемлекет басшысы келiссөздер барысында Еуразия көлiк дәлiзiн дамытуға байланысты Қазақстанның көлiк-транзит әлеуетiн одан әрi пайдалану мәселесi де талқыланғанын атап өттi.

Сілтеме

Құрылған күні: 12.10.2017
Қаралым саны: 1956

Қаз Рус Eng