Асқар Мамин елорданың шеткері аймақтарында тұратын азаматтардың мәселелерін шешу барысымен танысты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Асқар Мамин Астана қаласына жақын маңда орналасқан елдi мекендердi аралады. Онда елорданың шеткерi аймақтарында тұратын халықтың мәселелерiн шешу барысымен танысып, әлеуметтiк және көлiк инфрақұрылымын жаңғырту үдерiсiн тексердi.

Бiрқатар тұрғын алабын аралау барысында жергiлiктi атқарушы органдардың Мемлекет басшысының алға қойған мiндеттерiн орындау — азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша қабылдап жатқан шаралары қаралды. Атап айтқанда, тұрғын үй мәселелерiн шешуге, бiлiм беру және медициналық қызметтердiң сапасына, әлеуметтiк және көлiк инфрақұрылымын жақсартуға, үздiксiз электрмен жабдықтау және көшелердi жарықтандыру, сондай-ақ сумен жабдықтау мәселелерiне көңiл бөлiндi.

«Пригородный» тұрғын үй кешенiн тексеру барысында Астана әкiмi Б. Сұлтанов Елорданы дамытудың 2023 жылға дейiнгi кешендi жоспарын iске асыру барысы туралы баяндады. Қаланың жекелеген аудандарын орталықпен бiрiктiретiн, сондай-ақ жолаушыларға барар жерлерiне қысқа уақыт iшiнде жетуге мүмкiндiк беретiн жеңiл рельстi көлiк жолын салу мәселелерi қаралды. Аталған аумақтарды құлату барысы туралы баяндай отырып, бұл шаралар муниципалдық тұрғын үй құрылысына, соның iшiнде көп балалы және аса мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталатын аумақтарды кеңейтуге жол ашатыны аталып өттi.

Тексеру жұмыстары Қабанбай батыр орталық қала магистралiнде жалғасты, онда даңғылды кеңейту перспективалары талқыланды.

Сонымен қатар, А. Мамин Астана қаласы мен Ақмола облысының шекарасында тұратын азаматтардың баспана жағдайларының дамуымен танысты. «Ильинка» тұрғын алабында дәрiгер амбулаториясы мен №6 мектеп тексерiлдi, Премьер-Министр осылардың мысалында елорда маңындағы аудандардың бiлiм беру және денсаулық сақтау жүйелерiнiң сапасымен танысты.

Өз кезегiнде, Ақмола облысының әкiмi М. Мырзалин «Қараөткел» ауылын Астана қаласының теңгерiмiне беру үдерiсi туралы, Қоянды кентiн дамыту және Целиноград ауданы бойынша әлеуметтiк-экономикалық дамудың кешендi жоспарын iске асыру жөнiнде баяндады. Мұнда халықты су деңгейiнiң көтерiлуiнен қорғау мақсатында бөгет салу және «Ильинка» кентiнен шығыс жаққа қарай орналасқан жеке тұрғын үйге инженерлiк желiлер жүргiзу мәселелерi қаралды.

Iске асырылып жатқан iрi жобалардың бiрi — қала төңiрегiндегi жол айналмасын тұйықтайтын «Астананың оңтүстiк-батыс айналма жолы» магистральдi трассасын салу. Бұл қала арқылы транзитпен өтетiн, елорданы айналма жолмен өтетiн автокөлiк құралдарының ағынын бағыттауға мүмкiндiк бередi. «ҚазАвтожол» АҚ ақпаратына сәйкес, айналып өтетiн жол тегiн автомагистраль болмақ.

Бұдан өзге, «Байқоңыр» ауданындағы «Өндiрiс» алабы, атап айтқанда 120 бала бiлiм алатын балабақша — №12 бастауыш мектеп тексерiлдi. Премьер-Министрге бiлiм беру саласындағы қазiргi жағдай туралы баяндалды. Сонымен қатар, жалпы аудан инфрақұрылымын дамыту, соның iшiнде жол-көлiк инфрақұрылымын дамыту келешегi, бiрқатар көшенi кеңейту және инженерлiк-коммуникациялық желiлермен қамтамасыз ету мәселелерi талқыланды.

Елорданың шеткерi аймақтарын аралаудың соңында А. Мамин «Қоянды» ауылында тiршiлiктi қамтамасыз ету мәселелерiн шешу барысымен танысты. Елдi мекенде медициналық қызметтердi сапалы ұсыну мақсатында 2500 адамға шақталған отбасылық денсаулық сақтау орталығы жұмыс iстейдi. Сонымен қатар, бiлiм берудiң қолжетiмдiлiгiн арттыру мақсатында орта мектеп салынып жатыр. Аталған жоба 1200-ға жуық оқушыға бiлiм беруге мүмкiндiк бередi.

Қазақстан Премьер-Министрi А. Мамин жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Астана, Ақмола облыстарының әкiмдерiне және тиiстi министрлiктерге бiрқатар нақты тапсырмалар бердi.

  

Жүктеу

Құрылған күні: 02.03.2019
Қаралым саны: 467
Қонақтарға арналған ақпарат
Инвесторлар үшін Call-Center
+7 (708) 717-17-75

Қаз Рус