АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ ЕРМЕК МАРЖЫҚПАЕВ ЖҰМЫС САПАРЫ ШЕҢБЕРІНДЕ КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ БІРҚАТАР ОБЪЕКТІЛЕРІНДЕ БОЛДЫ

Әдебиет және өнер мұражайында облыс әкiмi өткен ғасырдың басында салынған және тарихи-мәдени мұра ескерткiшi болып табылатын ғимараттың техникалық жағдайымен танысты. Мұнда 9 мыңнан аса экспонат бар, соның iшiнде жазушылар Е.Мырзахметовтiң, С.Жүнiсовтiң, К.Салықовтың, И.Салаховтың, Б.Канапьяновтың заттары мен өз қолдары қойылған фотосуреттерi, құжаттары, қолжазбалары мен кiтаптары, басқа да тұрмыстық, этнографиялық заттар бiрегей туындылар болып табылады. Бiрақ мұражай қызметкерлерiнiң айтуынша олардың тақырыптық экспозициялар жаюға және барлық мұражай қорын дұрыс сақтауға мүмкiндiктерi жоқ.

Ақмола облысы мәдениет, архивтер мен құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстам Бикенев ғимаратты күрделi жөндеу жобасын таныстырды. Өңiр басшысы Ермек Маржықпаев жағдаймен танысып, ғимараттың сырт келбетiн өңдеу кезiнде жалпы қалалық сәулет стилi тұжырымдамасын ескерудi тапсырды.

Облыс әкiмi мұражай ғимаратына iргелес қоршалған аумақты қарап шықты. Қазiргi уақытта бұл учаске жеке меншiкте. Ермек Маржықпаев Полина Осипенко көшесi тұрғындарының тарихи-мәдени мұра ескерткiшiнiң жанында ағаштар мен гүлзарлар отырғызылған, демалыс орындықтары орнатылған жасыл аймақ орналасуы қажет деген пiкiрлерiмен келiстi. «Бизнеске құрылыс салу үшiн басқа учаске беремiз. Сонымен қатар, бұл учаскеде инженерлiк желiлер бойынша да проблемалар бар, эстетика тұрғысынан да қандайда-бiр объектiнiң, соның iшiнде тұрғын үйдiң құрылысын салу дұрыс емес», — дедi ол.

Облыс әкiмi көпқабатты үйлер салынып жатқан қаланың солтүстiк бөлiгiнде — жаңа кварталда болды.

Көкшетау қаласы құрылыс бөлiмiнiң басшысы Ержан Шәкiржановтың айтуынша, ағымдағы жылы жаңа мөлтек ауданда 12 көп қабатты үйдiң құрылысы аяқталған, соның iшiнде сегiз 40 пәтерлi тұрғын үй "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша, екi 35 пәтерлi және екi 45 пәтерлi үйлерде пәтерлер тұрғын үй-құрылыс жинақ банкi жүйесi арқылы кредиттiк-қайтарылым негiзiнде берiледi. Соның iшiнде "Нұрлы жер" бойынша 80 пәтер көпбалалы отбасыларға бөлiнедi.

Өткен жылы мөлтек ауданда 88,5 га аумақта сегiз 30 пәтерлi үйдiң құрылысы басталған, ағымдағы жылы үш 60 пәтерлi үйдiң құрылысын салуға облыстық бюджеттен қаржы бөлiндi.

Облыс әкiмi аумақтарын абаттандыруды тездетудi тапсырды. «Әр күндi барынша өнiмдi пайдалануымыз керек, абаттандыру жұмыстарын тәулiк бойы жүргiзуге болады. Өз пәтерлерiн тосып отырған отбасыларды 1 маусымнан бастап қоныстандыруды бастауымыз қажет», — дедi Ермек Маржықпаев.

    

Құрылған күні: 12.04.2019
Қаралым саны: 298
Қонақтарға арналған ақпарат
Инвесторлар үшін Call-Center
+7 (708) 717-17-75

Қаз Рус